Жамбыл өңірінде іскер әйелдерге қолдау көп

Елімізде кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген қыз-келіншек көп. Ресми дерекке сүйенсек, шағын және орта кәсіпкерлік тізгінін ұстайтындардың 40 пайызы – әйелдер.
Әсіресе, соңғы жылдары әйел қауымы әлеуметтік желілер арқылы онлайн сауданың да көркін қыздырып жүр. Бұл – олар үшін даму жолы және қосымша табыс көзі. Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов отбасы мен кәсіпті қатар алып жүрген әйелдермен жүздесу өткізіп, бизнес саласындағы жемісті еңбектеріне қолдау білдіретінін жеткізді.
«Бүгінде қыз-келіншектер тек үйдің ғана емес, түздің де шаруасын дөңгелетіп жүр. Олар саясатқа да араласып, кәсіпкерлікті игерген. Сонау тоқсаныншы жылдары ала дорба арқалап, сауда жасап, отбасын асыраған да аналар. Мұны ешкім ұмыта қойған жоқ», – деді өткенге көз жүгіртіп. Облыс әкімінің айтуынша, отбасының берекесін сақтап, кәсіпті тең алып жүрген қыз-келіншектерге алғыс айту керек. «Бала тәрбиесіне көңіл бөліп қана қоймай, кәсіпті өрге жүздірген аналарға рақметтен басқа не айту қажет? Қоғамның маңызды бөлігі – әйелдерден тұрады. Олардың әр салада атқарып жүрген еңбегі ұшан-теңіз. Облысты өркендету, дамыту жолында алға қойылған мақсатқа бірге жетеміз деген сенімім мол», – деп түйіндеді пікірін облыс әкімі.
Сөзімізге дәлел болатын мысал жеткілікті. Жамбыл облысы аумағына ғана емес, көрші мемлекеттерге де тауары танымал қыз-келіншектердің қатарында шыны зауытын басқарып отырғаны да бар. Тіпті, мұнда ер азаматтың шаруасы саналатын жем-шөп дайындайтын зауытты да әйел басқарады. Ол ол ма, пластиктен жасалатын құралдар шығаратын зауыттың ісін ұршықша иіріп отырған да нәзік жаратылыс иесі. Ал енді тәтті пісіріп, киім тігіп, түрлі онлайн дүкен ашып, табыс тауып отырған қыз-келіншек тіптен көп. Бірі шағын және орта кәсіпкерлікті жолға қойып алған, енді бірі бұл салаға жаңадан қадам басып отыр. Олар ұсынысы мен идеясын айтып, облыс әкімдігі тарапынан қолдау сұрады. Қыз-келіншектердің талқыға салған ой-пікіріне облыс басшысы Нұржан Нұржігітов көңіл бөлетінін айта келе, алдағы уақытта арнайы пилоттық жоба бойынша арзандатылған несие қарастыруды қолға алатынын жеткізді. Бұл тұрғыда ортаға салынған ұсыныс, жобаларды бірлесіп әзірлеуге әркез дайын екенін білдірді.
Облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Айгүл Ақшалованың пікірінше, қарқынды дамыған заманда көштен қалуға болмайды.
«М.Әуезов «Ұлт боламын десең бесігіңді түзе» дегенде, сол бесікті тербететін әйелдің қоғамдағы рөліне тоқталған. Әйелдің қай кезде де атқаратын шаруасы, арқалаған жүгі жеңіл болған жоқ. Қазір заман талабына сай кәсіпкерлікке бейімделген іскер әйелдер саны артуда. Сондықтан біз ортақ іс бастауға көмек қолын созуға, кәсіпке бағыт-бағдар беруге әзірміз», – деді облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы.