Жамбыл облысында білім қызметкерлерінің Тамыз конференциясы өтті

Тамыз конференциясы Жамбыл облысында да өз жалғасын тапты. Бақытты болашақ» оқушылар сарайында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен Тамыз конференциясы өтті.
Тамыз конференциясы «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбына арналды. Тақырыпқа арқау болған осы қасиеттерді ұстаздар қауымы әрбір шәкірттің бойына сіңіре білсе, ұлт болашағы жарқын болады.
Облыстық конференцияға Жамбыл облысы әкімдігі, Аудандар мен Тараз қаласы әкімдерінің орынбасарлары, Облыс әкімдігінің басқарма басшылары, Республикалық мекемелердің қызметкерлері, Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Жоғары оқу орындарының басшылары, Еңбек ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары және педагогтар қатысты.
Жиын барысында Жамбыл облысының әкімі Н.Нұржігітов сөз алды. Ол өткен оқу жылында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, білім беру ордаларындағы білім сапасын арттырудың маңызын айтып өтті. Жаңа оқу жылында оқушыларды сапалы біліммен қаматамасыз ету талап етіледі.
Өткен оқу жылы да Жамбыл облысындағы мектептердің деңгейін барынша айқындап берді. 2021-2022 оқу жылындағы жеткен жетістіктер мен жаңа оқу жылына қойылған міндеттер туралы облыстық білім басқармасының басшысы Б.Жамангозов та өз тарапынан баяндап берді.
Сонымен қатар, ҚР Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті М.Тыныбаева (On-line), ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Б.Жылқыбаев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Г.Нұрымова, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Е.Мағзымбеков және білім беру мекемелерінің басшылары мен бірқатар мұғалімдер баяндамаларын оқып, сөз сөйледі. Конференцияға қатысушылар өз ойын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.
Жаңа оқу жылында білім саласына енгізіліп жатқан жаңалықтар баршылық. Сол себепті енгізілген жаңа бағдарламалар мен жаңа заңнамалар мейлінше түсінікті тілде таныстырылып өтті. Өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өзекті сұрақтар мен мәселелер айқындалды. Жамбыл облысы бойынша күн тәртібінде тұрған білім беру жүйесін жетілдірудегі міндеттер анықталды.
Отырыстың соңында облыстың білім беру жүйесін жетілдіруге қосқан елеулі үлесі үшін мектеп қызметкерлері мен «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған білім беру ұйымдары марапатсыз қайтпады. Білім беру саласындағы еңбектері бағаланып, марапатталды.