Жамбыл облысында жантүршігерлік жол апатынан 6 адам қаза тапты
Қатты жылдамдықпен келе жатқан екі көлік Алматы – Ташкент тасжолында бетпе-бет соқтығысқан
Алматы, NEGE. Жамбыл облысында жантүршігерлік жол апатынан 6 адам қаза тапты. Қайғылы оқиға таңғы сағат 6.00 шамасында Байзақ ауданында болған. Жүйткіген «Тойота» мен «Ауди» көліктері Алматы – Ташкент тасжолының 476 шақырымында соқтығысқан. Жалпы, биыл аталған облыста жол-көлік оқиғалары 20%-ға күрт өскен. Қаза болғандар саны былтырмен салыстырғанда 37 пайыздан асқан.
«Таңертеңгі жол апатынан 1995 жылғы қыз жеткізілді. Оның миы шайқалған, оң жақ иығына зақым келген. Аяғына зақым келген. Бастың желке тұсынан жарақат алған. Қазіргі таңдағы жағдайы жаман емес, бірқалыпты. Нейрохирургия бөліміне жатқызылды», – деді Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Жұмашев.
Жалпы, облыс аумағында биыл жол апаты күрт өсіп кеткен. 700-ден аса жол көлік оқиғалары тіркелсе, күре жолда жантәсілім еткендер 139-ға жеткен. Жантүршігерлік статистика республика бойынша да 10,2%-ға жоғарылаған. Ал жаны ашыған жергілікті полиция себебімен емес, салдарын анықтап жатқанға ұқсайды.
«Әр жол көлік оқиғасына біздің жанымыз ауырады. Сараптама жасай келе, ол жерде жол-апатына себеп болған 3 факторды таптық. Оның бірі – жылдамдықты асыру. Екіншісы – ұйықтап кету. Үшіншісі – қарсы бағытқа шығып кету. Жол-көлік оқиғаларының артуының басты себептері осы», – деді облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқамасының басшысы Рахымберді Әшкеев.