12 Тамыз 13:53
...

Жамбыл облысында төтенше жағдай жариялануы мүмкін

Фото:

АШМ басшысы Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының құрғақшылықтан зардап шеккен аудандарының фермерлерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы, NEGE. Айта кетейік, суармалы жерлердегі су тапшылығы әсіресе Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Талас аудандарында, сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданында өткір сезіліп тұр. Алдын ала мәліметтер бойынша, дәнді жүгері көп жерде күйіп кеткен, қант қызылшасы, көкөніс және бақша дақылдары аздап зардап шеккен. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі бүлінген егіс алқаптарын нақтылап жатыр.

Облыста аймақтағы климаттың өзгеруі нәтижесінде Шу және Талас өзендерінің арналарының жеткіліксіз толуына байланысты су тапшылығы орын алып отыр.

Министр ауыл шаруашылығы жерлерін аралап, сондай-ақ аграршылармен қалыптасқан жағдайды талқылады. Ербол Қарашөкеев ведомствоаралық комиссияның жұмысы туралы айтып, аталған мәселенің бар екенін растады.

АШМ басшысы қазір өңірлік ауқымдағы ТЖ жариялау және Үкімет резервінен қаражат бөлу есебінен фермерлерге келтірілген залалды өтеу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті. Бұдан басқа, субсидияларға қажеттілікті жабу және оларды төлеуді жеделдету бойынша жұмыс жүргізілетін болады. «Бәйтерек» ҰБХ«АҚ желісі арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің несиелері бойынша борыштарды ұзарту және қайта құрылымдау мәселесі пысықталып жатыр.

Министр сондай-ақ қазіргі заманғы суару жүйелерін енгізу кезінде көрсетілетін мемлекеттік қолдауды жетілдіру жоспарлары туралы айтты. Инвестициялық субсидиялау шеңберінде фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру жөніндегі негізгі инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50% өтелетіні белгілі. Шаруаларды одан әрі қолдау мақсатында суару үшін ұңғыманы бұрғылау кезінде субсидиялау нормативін 50% - дан 80% - ға дейін арттыру жоспарлануда, оның 30% жергілікті бюджеттен өтелетін болады.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауларында су ресурстарын есепке алуға ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты су беру жөніндегі субсидиялау қағидаларына есептеу құралдарының не өлшеу аспаптары мен қондырғыларының көрсеткіштері бойынша бөлу нүктесінде фермерлерге жеткізілген су көлемін айқындау бөлігінде, сондай-ақ суару тәсілдеріне байланысты су беру жөніндегі субсидияларды саралау бойынша өзгеріс енгізілді. Яғни субсидияларды бұрынғы деңгейде су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана алатын болады. Ал дәстүрлі үстірт әдіспен суару кезінде субсидия нормативтері үш жыл ішінде жартысына дейін азаяды«, - деді АШМ басшысы.

Тегтер: