12 Қыркүйек 17:15
...

Жамбыл облысында «Салауатты ата-ана мәдениеті» марафонының жеңімпаздары марапатталды

Фото:

Әр баланың тәрбиесінде ата-ананың рөлі ерекше. Ата-ана өз баласын ешқашан да жамандыққа тәрбиелемейді. Бала да ата-анасын жерге қаратпауға тырысады, қатарының алды болғысы келеді. Бала мен ата-ананың арасын байланыстыратын ерекше қарым-қатынасты ары қарай да дамыту маңызды. Өйткені бала өсе келе ата-анасынан алыстай береді. 

Ата-бабамыздан келе жатқан отбасы институтының қаймағын бұзбай, бүгінгі қалыпта жалғастыру мақсатында Отбасы күніне орай Жамбыл облысында ерекше іс-шара болып өтті. Ерекше деп айтуға негіз көп. Өйткені «Салауатты ата-ана мәдениеті» деп аталатын даму марафоны жеті аптаға созылған. Яғни, марафон 2022 жылдың 11 шілдесімен – 28 тамыз аралығында өтті. Аталмыш іс-шараны «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалы мен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасымен бірлесіп өткізді. 

Марафонның мақсаты да айқын. Қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, ата-ана мен бала арасындағы ынтымақтастықты нығайту, татулыққа, бірлікке шақыру, отбасы институты мен отбасылық қатынастарды нығайту, ұлттық тәрбие дәстүрлерді дәріптеу арқылы қазақстандық өнегелі отбасыларды насихаттау ұранын жалау еткен марафонның ауқымы кең. 

Аталған марафон аясында бірлестікке 1050 адам мүше болып тіркеліп, 398 отбасы бірінші аптаның тапсырмасын алған. Осы отбасылардың ішінен 194 отбасы, 388 ата-ана, 776 бала орташа есеппен алғанда қамтылып, алғашқы тапсырманы орындап, инстаграм желісіне жарияланды.

Жарыстың әділ өтуіне комиссия мүшелері барын салды. Өйткені, қатысқан әрбір отбасыны жеңіске лайықты дайындықты көрсеткен. Марафонда берілген тапсырмаларды толық орындаған 119 отбасының материалдарын 8 адамнан тұратын арнайы комиссия мүшелері бағалады. Комиссия мүшелерінің қарауы екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңнен 119 отбасының ішінен 30 отбасы іріктеліп алынып, екінші кезеңге өтті. Екінші кезеңге өткен отбасылардың бейнероликтері жеке-жеке бағаланып, қорытынды шығарылды.

Комиссия мүшелері «Салауатты ата-ана мәдениеті» марафонының жеңімпаздарын марапаттады.

Оқ бойы озық шығып, жүлделі орындарға ие болған отбасылар: Бас жүлдені Жамбыл ауданынан келген «Ажибаевтар» отбасы иеленді; 1-орынға Сарысу ауданының «Махамбетовтар» отбасы лайық деп танылды; 2-орынды Жуалы ауданынан «Махамбетовтар» отбасы және Тараз қаласынан «Құманәлілер» отбасы өзара бөліп алды; 3-орынға Тараз қаласынан келген «Шархан» отбасысы мен «Бестерекбай» отбасы ие болды. 

Жүлделі орындарға ие болған қатысушылар сыйлықсыз қайтқан жоқ. Марафонның жүлдегерлері мен жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар, дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.

Қатысқан отбасылардың барлығы да жүлдеге лайықты болды. Сол себепті орын ала алмаған отбасыларға да марапаттар берілді. 

«Мерейлі отбасы», «Өнерлі отбасы», «Зерделі отбасы», «Іскер отбасы», «Ынтымақты отбасы», «Ұйымшыл отбасы», «Берекелі отбасы» номинацияларымен марапатталып, белсене қатысқан отбасыларға алғыс хаттар табыс етілді.

Тегтер: