Жамбыл облысында мектепке дейінгі ұйым педагогтарының тамыз секциялық отырысы өтті

Тамыз кеңесінің секциялық отырысын тәжірибе алаңы деп қарауға болады. Жамбыл облысының педагогтары да өз тәжірибелерімен бөлісті.
Жамбыл облысы, NEGE. Оны Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамытудың жаңа моделін іске асыру: мазмұнды сапалы жаңғырту» тақырыбында өткен мектепке дейінгі ұйым педагогтарына арналған Тамыз кеңесінің облыстық секциялық отырысында көтерілген тақырыптардан аңғаруға болады. Аталмыш жиын 2022 жылдың 22 тамызында өтті.
Баланың жетілуі, білімге ұмтылуы мектепалды даярлық сыныптарында жүрген кезінен бастап айқындалады. Әр баланың бойындағы талпынысты ары қарай жетілдіру білімді педагогтардың арқасында жүзеге асады.
Іс-шараға Жамбыл облысының 675 педагогі қатысты.
Тамыз кеңесінің секциялық отырысында «Мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепалды даярлық сыныптарында тәрбиелеу-білім беру процесін ұйымдастыру ерекшеліктері туралы» әдістемелік-нұсқау хаттың мазмұны түсіндіріліп өтті. Бұл өз алдына маңызды жұмыс. Сонымен қатар, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін іске асырудағы негізі бағыттары және тәрбиелеу-білім беру процесінде «ойын арқылы оқыту» қағидасының маңыздылығы туралы мәселелер айтылып, іс-тәжірибелер таратылды.
Қатысушыларға тәрбиелеу-білім беру процесін жүйелі ұйымдастырудың тиімді жолдары бойынша тұжырымды идеялар ұсынылып, ақпараттық-әдістемелік көмектер көрсетілді.
Мұның барлығы білімді ұрпақ тәрбиелеудің алғышарттары ғана. Тәжірибе алаңында алынған әрбір мағлұмат құнды.