23 Шілде 15:23
...

Жамбыл облысы білім бөлімдері басшыларының онлайн жиынында не айтылды?

Фото:

Жаңа оқу жылындағы өзгерістер жыл сайын ұстаздар қауымының арасында талқыланып отырады. Биылғы жылы Жамбыл облыстық білім басқармасы Zoom платформасы арқылы мектепке дейінгі білім беру мекемелерін лицензиялау және жаңа оқу жылындағы өзгерістер туралы жиналыс өткізді. 

Онлайн жиынға Меркі, Қордай, Мойынқұм, Байзақ, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас, Шу, Жамбыл, Жуалы аудындары және Тараз қаласының білім бөлімдерінің басшылары қатысты. 

Жиын барысында сөз алған басқарма басшысы Айдын Досыбаева жергілікті мектепке дейінгі білім беру мекемелерін,  балабақшаларды лицензиялаудың оң нәтижелері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балабақшаларда бүлдіршіндерді ұрып-соғу жағдайларының көбейіп кеткеніне алаңдап, балабақшаларды лицензиялау тәртібін қайта енгізуді ескерткен еді.

Одан кейін Оқу-ағарту министрлігі Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру үшін лицензиялау институтын енгізу қажеттігін айтқан.

2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібі тоқтатылған болатын. Қазіргі таңда лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібін енгізудің уақты жеткен сыңайлы. 

Биылғы жылдың ең өзекті тақырыбы - мектеп оқушыларының жазғы каникул мерзіміндегі өзгерістер. 

«2022-2023 оқу жылында мектептерге қосымша екі оқу аптасы қосылды. Ол бір күн ішіндегі сабақтар санын қысқартуға, бес күндік оқу аптасын іске асыруға, күрделі тақырыптарды зерделеу қарқындылығын төмендетуге мүмкіндік береді. Жазғы кезеңде каникул күндерінің санын қысқарту - құқық бұзушылықтарды азайту, білім алушылардың шамадан тыс жұмыс істеуі мен сырқаттану деңгейін төмендетуді көздейді», - делінген Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің бұйрығында.

Осы мәселенің анық-қанығы жиын барысында жан-жақты айтылды. 

«Оқу жылы әдетте 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталады, яғни балалар 170 оқу күнін немесе 34 апта бойы оқыды. Енді мектеп оқушылары қажетті білім көлемін толық әрі ыңғайлы алуы үшін 36 апта оқиды. Дегенмен, бұл өзгеріс балалардың жазғы демалысына еш әсер етпейді. Яғни, министрлік жаңа оқу жылын 1 қыркүйекте бастап 31 мамырда аяқтауды жоспарлап отыр. 1 маусым - Балаларды қорғау күні енді жазғы демалыстың бірінші күні болады. Қосымша күндер қосу бір күндегі сабақтар санын азайтуға ғана емес, сонымен қатар өткен тақырыптарды қайталауға және бекітуге бірнеше сағат бөлу арқылы "күрделі" тақырыптарды зерттеудің қарқындылығын төмендетеді», - деп атап өтті Айдын Орынбекқызы.

Естеріңізде болса, Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті министр Асхат Аймағамбетовтің "Орта білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылының басталуын, ұзақтығын және каникул кезеңдерін айқындау туралы" бұйрығының жобасын әзірлеген еді. 

Құжат бойынша жаңа оқу жылындағы балалардың демалыс мерзімдері өзгереді. Оны жеке меншік мектептерді қоса алғанда, барлық мектеп сақтауға міндетті. 

Жамбыл облысы Білім басқармасы алдағы оқу жылында білім сапасын жаңа сатыға көтеріп, оқушылардың жан-жақты білім алуына күш салуға мүдделі. Білекпен емес, біліммен озатын уақыт жетті. Бұл қағиданы Жамбыл облысы білім бөлімдерінің басшылары барынша қолдап отыр. Білім басқармасы алдағы уақытта да ұстаздармен кері байланыс орнатып отырады. 

Тегтер: