28 Сәуір 20:09
...

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы алаяқ па?

Фото:
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз хатшысына қатысты даулы мәселе туындады. «Әкімдіктің баспасөз хатшысы Данияр Асқарұлы уәде еткен берешегін қайтармады, алаяқтық жасады» деген ақпарат

әлеуметтік желіде талқыланып жатыр.

«Жамбылдан Бердібек Сапарбаев кеткелі, командасының былықтары шығып жатыр. Экс әкімнің прессекретары Данияр Асқарұлы туралы бұған дейін де жақсы айтылмайтын. Облыстық телеарнада журналист кезінен бері артынан «Мектеп директорларын бопсалайды, білім ошақтарының кемшіліктерін көрсетемін деп теңге талап етеді» деген өсек ерген. Арызқойлығы мен алаяқтығы бар деген әңгімеге де құлақ үйреніп кеткен. Сол әдет мемлекеттік қызметке келсе де қалмапты. Енді бұл сабаз қарапайым мұғалімдерді қанауға шығыпты. Олай деуге мына бір арыз түрткі болып отыр. Былтыр Данияр Асқарұлы, Еркебұлан Абдулин деген азаматтан 2 млн 700 мыңға LEXUS LX 470 көлігін сатып алады. Қолма қол 2 млн теңгесін беріп, қалғанын 1 айдан кейін бермекші болып қолхат жазып береді», - деп жазды Диана Кей өзінің фейсбук парақшасында. 

Содан бері көлік те қайтарылмаған, ақша да берілмеген. Қолданушының айтуынша, «ақшасын талап еткен Еркебұлан Абдулинді бастығына айтып, жұмыстан шығартамын» деп қорқытқан. 

«Қарапайым мектеп мұғалімі адал ақшасына қол жеткізе алмай алаяқ прессекретардан араша сұрап отыр. Сапарбаев кеткенімен елді алдап кететін стилі командасында қалып қойыпты. Мұны жаңа әкім біле ме білмей ме? Мынандай алаяқ хатшыдан тезірек құтылмаса ұятқа қалатыны сөзсіз», – дейді желі қолданушысы. 

Қазақстан нарығында Лексус-470 көлігінің құны жағдайына қарай 15 млн теңгеден кем бағаланбайды. Ал Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы көлікті қалайша тым арзан бағаға алған? 

Nege.kz порталының тілшісі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Асқарұлына хабарласып, оқиғаның мән-жайын өзінен сұрады. 

– Көліктің бұрынғы иесіне тиесілі ақшасын бермей жүргеніңіз рас па?

– Бұл – өткен жылы Еркебұлан екеуміздің арамызда болған оқиға. Оны неге қазір шығарып отырғанын түсінбеймін. Былтыр келіскен ақшасын толық беріп қойғанмын. Сенбесеңіздер, Еркебұлан Абдуллиннің қолхаты да бар.

– Көліктің бағасы не себепті арзан?

– Мен өзімнің INFINITI көлігімді және оған қосып 2,7 млн теңгеге беріп, саудаласып алғанмын.

– Онда неге бұл мәселе енді сөз болып жатыр??

– Қазіргі уақытта кейбір адамдар жағдайдың байыбына бармай, қаралай беруге құмар ғой. Жамбыл облысында әкім ауысқаннан кейін мені жаңа әкімге осылай көрсеткісі келетіндердің ісі деп ойлаймын.

P.S. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Бұл мәселенің нүктесін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мен Жамбыл облысының жаңадан тағайындалған әкімі Нұржан Нұржігітов қоюға тиіс.  

Тегтер: