Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Абай шығармаларын талдады

Абай шығармаларын насихаттап, дөңгелек үстел өткізді.
Алматы, NEGE. Ұлы ақынның шығармаларын ұлықтауға арналған дөңгелек үстел Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының мәжіліс залында өтті. Білім басқармасының Оқу-әдістемелік кабинеті ұйымдастырған дөңгелек үстел «Абайдың «Толық адам» ілімі-ұлттық идеологияның моделі» тақырыбына негізделді.
Хакім Абайдың шығармалары философиялық ойға, терең тәрбиеге тұнып тұр. Абайдың қай еңбегін алып қарасаңыз да даналықтың ізі жатыр. Бұл ойды жиынға қатысқан аудандық, қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері толықтыра түскендей.
Ұлт ақынының шығармаларын ұлықтаған ұстаздар өз ойларын ортаға салды. Іс-шарада алғашқылардың бірі болып Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының оқу- әдістемелік кабинетінің басшысы Усерова Шахризада Асылбекқызы сөз алып, ақынның өмір жолына толығырақ тоқталып өтті. М.Х.Дулати атныдағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және Журналистика» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Рахат Саламатова, өз кезегінде, «Толық адам» концепциясының платформалық негіздері» тақырыбында баяндама оқыды.
Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы Базарбай Дүйсенбаев «Мектеп оқулықтарындағы Абай шығармаларын оқытудың әдістемесі» тақырыбында ой бөлісе отырып, ақиық ақынның еңбегіне өскелең ұрпақтың қызығушылығын ескеріп, балалардың ізденісін арттыру үшін алдағы уақытта қажетті іс-шаралардың ұйымдастырылуының маңызын айтып өтті.
Сонымен қатар, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Қожамұратов Тоймұрат «Абай өлеңдерін оқытудың ұлттық сипаты» тақырыбында сөз сөйлеп, Байзақ ауданы, Сарыкемер мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Раушан Абуева «Абай шығармаларын «Абайтану әліппесінің» модульдері арқылы оқыту жүйесін талдады. Бұл жүйенің шәкірттерге берері мол. Өйткені, білім алып жатқан оқушы ақынның өлеңдерңн жатқа оқып қана қоймай оның өмірлік мәніне терең бойлай алады.
Жамбыл ауданы, А.Макаренко атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Кусёва мен Т.Рысқұлов ауданы, Абай атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім Айнұр Татибекова «Абай шығармаларының текстологиялық мәселелері», «Абай шығармаларын оқыту-оқушының шешендік шеберлігін дамытудың қайнар көзі» атты баяндамаларында Ұлы ақынның еңбектеріндегі жалпыадамзаттық құндылықтарға, гуманистік, ағартушылық, демократтық көзқарастарына шолу жасады.
Дөңгелек үстел барысында Абай шығармаларын насихаттаған Жамбыл облысының ұстаздары ақынның негізгі идеяларын жеткізе білді. Жиында айтылған құнды мәліметтердің барлығы зерделеніп, шәкірттердің де бойына сіңірілетін болады. Облыстағы әрбір оқушы Абай шығармаларын зерттеуге, білуге, оқуға құлықты.