Жалпықалалық сенбілік: Есіл ауданында 700-ден астам ағаш отырғызылды

Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экологиялық акция және Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аясында жалпықалалық сенбілік өтті.
Астана, NEGE. Бұл ауқымды бастама Есіл ауданында да жалғасын тапты.
Бүгін Есіл ауданындағы жалпықалалық сенбіліктің аясында «Пригородный» тұрғын алабында, «Аспан» спорт кешенінің жанында экологиялық акция ұйымдастырылды.

Тұрғындар бес түрлі ағаш түрін, атап айтқанда жөке, тал, терек, мамыргүл және еменді, жалпы 702-ден астам ағаш отырғызды. Бір айта кетерлігі, жалпықалалық сенбілік осы аумақта ғана емес, Есіл ауданының барлық жерінде болды. Аудан бойынша жалпықалалық сенбілікке 16 мың адам қатысқан.
Тіпті, экологиялық акцияға шағын және орта бизнес өкілдері, пәтер иелері кооперативтері, меншік иелері бірлестіктері, денсаулық сақтау және білім беру, спорт, мәдениет салаларының мамандары, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйым қызметкерлері және тұрғындар белсенді атсалысты. Ал бүгін «Аспан» спорт кешені аумағындағы тал егу іс-шарасына спортшылар, мұғалімдер мен бір топ жастар қосылды.

«Бүгін ауданымыздың тазалығына үлес қосып, белсенділік танытқан әрбір жанға алғысымды білдіреміз. Ағаш егу дәстүрі жыл сайын жүзеге асатын, әсем қаламыздың көркін келтіретін игі шара. Бәрі де Астананың ауа райына бейімделген, тамыры тез бейімделіп кететін ағаш көшеттері», – деді әкімдіктегілер.