Жалп еткен шырша, желге ұшқан ақша... – Әкімдіктер қанша қаржы шығындады?
Қала көшелерін шыршамен безендіруге кететін шығын биыл да жұртшылықтың сынына ұшырады. Жаңа жыл мерекесі біте сала қалалардағы безендірулер қирап жатыр.
NEGE тілшісі биылғы жаңа жыл мерекесіне ірі қалаларды безендіруге қанша қаражат жұмсағанын зерттеп көрді.
Астана
Бас қала болған соң ба, әлде бюджет қаржысы бөлінетін әкімшілік орталық орналасқандықтан ба, әйтеуір Астананы безендіруге ең көп қаражат жұмсалған екен. Қаланы безендіруге былтырғы гирляндалар мен қондырғылардың біразы қолданылғанына қарамастан, 836 млн теңге жұмсаған.
Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл қаражатқа мұз айдындары, сырғанақтар мен шағын архитектуралық фигуралар, фотоаймақтар және басқа элементтер салынған.
Абырой болғанда, жел қатты соғатын Астанада елдің солтүстік пен шығыс аймақтарындағыдай шырша ұшып, ойыншықтар қирап жатқан жоқ.
Алматы
Ал жыл сайын жаңа жылдық әрлеуге рекордтық қаржы бөлетін Алматыда осы жолы жаңа жылдық безендіру жұмыстарына «әр ауданға жеке-жеке 60 млн теңге шамасында ақша бөлініп, жалпы 512 млн теңге жұмсалады» деген ақпаратты әкімдік таратқан. Алайда factcheck.kz мәліметі бойынша, әр ауданға 60 млн емесе, 65 млн теңгеден артық ақша бөлінген және басқа да қосымда безендіру жұмыстарын қосқанда жалпы шығын 735 269 699 теңге деп есептепті.
Алматылықтар миллиондаған бюджет қаражаты жұмсалған қаланың жаңа жылдық безендіруіне сүйсінді деп сенейік. Себебі Алматының ауа райы көшеде ұзақ серуендеуге қолайлы, әрі боран соғып, шыршаны құлатады деп алаңдамайды.
Павлодар
Жыл сайын елдегі жаңа жылдық шараларға қатысты бір шу шығып жатады. Биыл да рәсім тыныш өткен жоқ. Осы жолы жұрттың назарын Павлодар бұрды. Қала әкімдігі биыл 53 млн теңгеге (бейресми мәлімет бойынша 60 млн теңге) мұз қалашығын салғызғанын мәлімдеген, бірақ ол еріп кетіп, бюджеттің ақшасы су боп ақты. Былтыр да дәл осындай жағдай болған. 2023 жылды қарсы аламыз деп жүргенде 53 млн теңгеге салынған мұз қалашықтың жартысы еріп кеткен болатын.
Ал шырша құруға Павлодар тағы 52 млн теңге шығындаған, себебі бұрынғы шырша 12 жыл тұрыпты. Еске салсақ, былтыр Павлодардың жаңа жылдық безендіруіне 33 млн теңге жұмсалған.
Биылғы су жаңа шырша жұрттың көз қуанышы болып көп тұрмады. Орталық шырша солтүстіктің боранына шыдамады. Ойыншықтар мен гирляндалармен безендірілген алып шырша жалп етіп, құлап қалды.
Семей
Жаңа жыл мерекесінен соң Семей қаласында да шырша қатты желден құлап қалды. 2023 жылы облыс орталығы статусын алған Семей биыл жаңа шырша алып шығындалмапты. Бірақ гирляндалар мен жарық инсталляциясына 10 млн теңге жұмсаған. Биіктігі 19 метр болатын бас шыршаны безендіруге 2000 метр жарық диодты гирлянда мен жүзден астам ойыншық қолданылған.
Тараз
Жамбыл облысы да биыл шыршасын жаңартпапты. Таразда шырша да, гирлянда мен басқа да әрлеу заттары былтырдан қалған екен. Есесіне, Тараз ақша үнемдепті. Ескі шаһарда шырша маңын безендіру мен фотоаймақ жасауға 7 млн 200 мың теңге жұмсалған екен. Ал былтыр Таразды безендіруге 19 млн теңгеден аса ақша кеткен.
Қостанай
Солтүстіктің тағы бір қаласы – Қостанайға шырша құрып, қаланы безендіруге Павлодардан 3,5 есе аз ақша жұмсалған. Яғни, жыл мерекесіне Қостанай әкімдігі 27 млн теңге жұмсапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 млн теңгеге аз. Деседе, 27 млн теңге де аз ақша емес.
Қызылорда
Қызылордада әкімдік алдына шырша орнатып, қаланы жарық шамдармен безендіруге бюджет есебінен 13 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, демеушілердің де көмегіне жүгінген көрінеді.
Орал
Тек шыршаның өзіне 7 млн теңге жұмсаған Орал әкімдігі қаланы жарықпен әрлеу үшін бюджеттен 15 млн теңге алған. Сонда, жалпы соммасы 22 млн теңге шыққан.
Шығынсыз жаңа жыл
Елімізде бюджеттен бір тиын алмай, жаңа жылдық безендіруді басқалардан қалыспай жасаған облыстар да бар. Олар: Түркістан, Ақтөбе және Петропавл. Бұл облыстарда шырша құру, қаланы гирляндамен безендіру және басқа да сәндеу жұмыстарына мемлекет қаражаты жұмсалмаған.