3 Маусым 14:23
...

«Жалғыз ғана анам бар» – Шерзаттың өліміне басты күдікті Шынасыл Абзалдың соңғы сөзі

Шерзаттың соты
Фото: коллаж

Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша сот отырысы аяқталуға жақын. 

Сот жарыссөзінде адвокаттар мен сотталушылардың өкілдері сөз сөйледі. Сотталушылар да соңғы сөздерін айтты.

Жарыссөзде сөз алған басты күдікті Абзал Шынасылдың анасы Ақбота Есбергенова тағылып жатқан айыппен келіспейтінін мәлімдеді.  

«Мен тағылып отырған айыппен келіспеймін. Екі ай болды мына жерде отырып тыңдадық. Ешқандай дәлел жоқ. Адвокатымның сөзін қолдаймын», – деген Абзал Шынасылдың анасы көз жасын тыя алмады. 

Ал Абзал Шынасыл жарыссөзде Шерзат Полатты өлтірмегенін айтты. 

«Құрметті сотқа қатысушылар, біріншіден, жәбірленуші Нұрымов Қаржаубайдың отбасынан толықтай кешірім сұрағым келеді. Қаза қайырлы болсын! Қайғыларыңызға ортақпыз! Бұйрық болып тұр деп ойлаймын, бәрі Алланың қалауымен. Құрметті сот, алдындағы жауабымда айтып өткендей, менің Шерзат Полатқа қолымның ұшы тимеді, мен оны өлтірген жоқпын. Шерзат Полатты өлтірген болсам, алдыңғы жауабымда-ақ мойындайтын едім. Мен істеген іс-әрекетімнен қашатын жігіт емеспін. Өз жауабымда оқиғаның қалай болғанын, ақиқатымды айттым. Бір қателігім, намысқа беріліп, мойныма алғаным. Құрметті сот, мен жазадан қорықпаймын, маған тиісті жаза беруіңізді, әділ шешім қабылдауыңызды сұраймын. ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 106-бабымен жаза тағайындауыңызды сұраймын. Барша қазақ елінен кешірім сұрағым келеді. БАҚ-та, интернет желісінде жерден алып, жерге салып жатыр. Байдың баласы, депутап, әкесі әкім деп жатыр. Ешқандай да аға-көкем жоқ, ешқандай да әкем жоқ. Жалғыз ғана анам бар, анаммен ғана тұрамын. Ешқандай да қылмыстық топ емеспіз, ешқандай да дайындалып барған жоқпыз. Мен де ондай болады деп ойлағаным жоқ. Шерзат Полатты өлтірген мен емес. Бірақ нақты дәлелім жоқ, сол себепті де кім өлтіргенін айта алмаймын», – деді Абзал Шынасыл. 

Шынасыл Абзал соттағы соңғы сөзінде сол күнгі іс-әрекетіне өкінетінін жеткізді. 

«Мен Шынасыл Абзал Нұрғалиұлы, тағы да жәбірленуші тараптан кешірім сұраймын. Тағы да айтып өткім келеді, мен Шерзат Полатпен төбелесіп, оған жақындаған емеспін. Сол жерге барғанда Нұрғанатпен сөйлестім. Нұрғанатқа ашуланып, үш рет мен пышақ сұғып алдым. Сакиев Равильге сондай айып тағылып жатыр. Бұл жерде Сакиев Равильдің дым қатысы жоқ. Ол жерде өзімнің не істегенімді нақты білемін. Ойлана келе, ол ісіме өкінемін. Сол жерде мен көлікке сыймай, кафенің алдында қалып қалуым керек еді деп ойлаймын. Нұрғанат мылтықпен атқан, сол үшін ашуландым. Істеген іс-әрекетіме өкінемін. Кінәмді жартылай мойындаймын», – деді Абзал Шынасыл соттағы соңғы сөзінде.