Жалған ақпарат таратқандар заң аясында жазаланады

Соңғы жылдары әлемді дүр сілкіндірген оқиғалар көбейді. Тіпті, бірінің артынан бірі елең еткізер оқиғалардың тізбегі жалғасып барады. Сол жағдайларды одан сайын ушықтыратын жалған жаңалықтар да көбейді. Әлбетте, оған тосқауыл болу мүмкін емес. Жағдайды өз мүддесі үшін пайдаланғысы келетіндер ел арасында іріткі салуын доғарған емес.
Жағдайды пайдаланып, жалған ақпарат тарату үрдісі бүгін ғана пайда болып отырған жоқ. Ол бұған дейін де белең алып үлгерген жағдай. Қалай десек те кез келген мәселеден адам өзіне пайда алып үлгергісі келеді. Ақпарат кеңістігіндегі мәліметтердің көптігінен халық рас пен өтіріктің ара жігін ажыратып та үлгере алмай қалып жатады. Тіпті әлемдегі жағдайды есепке алмасақ та соңғы кездері еліміз түрлі оқиғаларды басынан кешірді. Сол кезде де жалған ақпараттың санында есеп болмады. Соған сеніп қалып жатқан халық та болды. Тіпті жалғанға еріп, өздері опық жегендер де бар. Жалған ақпаратқа сендіру кейбір мүдделі топтардың өз мақсатын жүзеге асыру үшін қажетті құралға айналды.
Қоғамда болып жатқан оқиғаларға қатысты шынайы ақпарат тарату журналистерге жүктелген міндет. Жалған ақпарат таратпастан бұрын оны тексеруден өткізу, журналистің кәсібилік деңгейін айқындай түседі. Халық журналистің таратқан әрбір ақпаратына сенеді. Өйткені оларды жаңалықтың жаршысы ретінде көреді. Қазіргі таңда журналистерден бөлек, блогерлік те кәсіпке айналған. Екінің бірі блогер болып жатқан уақытта ақпараттың шынайылығына мән беру де аса маңызды.
Ақпараттық технологияның дамуы кең аудитория арасында расталмаған ақпаратты таратуға ғана емес, сонымен қатар оларды жасау үшін де қолайлы ортаға айналып отыр. Егер бұрын жаңалықтар бақылауда болса, қазір әлеуметтік желіде оларға шектеу қойылмайды.
Кез келген желіден тікелей эфирге шығып, подкаст жасап немесе жазба қалдырса жетіп жатыр. Ол халық арасында тез тарап, жалған екендігіне ешкім көз жеткізе алмай қалады.
Блогерлерге қатысты президент те өзі пікірін ашық білдірген болатын.
"Қазіргі заманда блогерлер көбейіп кетті. Олардың кейбір әрекеттері кері әсер етеді. Бір блогерлер жақсы жазады. Ал екінші біреулері мәселенің байыбына бармай, зерттемей, үстірт қарайды. Дегенмен, азаматтарымыз ақ пен қараны ажырата алады деп ойлаймын. Расында, ақпараттық "соғыс" бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс. Сондықтан, біз де оған бейімделуіміз керек", - деді Тоқаев "Qazaqstan" ұлттық арнасына берген сұхбатында.
Қазір ақпарат тартушы дерек көздер көбейген сайын барынша сақ болған жөн. Тіпті, Бас прокуратура өкілдері де ақпаратқа сақтықпен қарап, жалған мәлімет таратпауды үндейді.
"Шынайлыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратуды көбіне блогерлер қасақана, өздерінің және үшінші тұлғалардың мүдделері үшін жүзеге асырады. Олардың мақсаты – жеке пайда табу және бопсалау арқылы материалдық табыс көру. Көрсетілген ұлттық алауыздықты қоздыруға, қорқытып алуға, жалған ақпарат таратуға бағытталған іс-әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174, 194 және 274-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады", - делінген ресми өкілдердің хабарламасында.
Жалған ақпарат тартқандарға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Десе де жалған ақпарат таратып, қоғады дүрліктіріп жатқандар азайған жоқ. Олардың әрекетіне толық тосқауыл қою үшін әрбір азамат тек қана сенімді дерек көздеріне ғана иек артуы керек.
Сол себепті әрбір азамат жалған ақпарат таратудың артында қылмыстық жауапкершілік бар екенін ұмытпағаны жөн. Өйткені, жалған ақпарат халықты адастырып, қоғамдық тәртіпті бұзады.