Жақсылық Омар "жалшы емеспін" деді

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар «шенеунік – халықтың қызметшісі деген пікірмен келіспейді. Ол бұл туралы ойын әлеуметтік желіде жария етті.
Өскемен, NEGE. «Орыс тілді аудиторияда “Чиновник - слуга народа” деген мәтелді әлеуметтік желідегілер көп айтатынын байқаймын. Әрине, бұл – біз үшін жат ұғым. Себебі қазақ даласындағы басқару жүйесі европадан өзгеше болған. Алайда біздің ортаға сіңіп кеткен мәтел жайлы өз ойымды сіздермен бөлісуді жөн санадым. 20 жылдық тәжірибемнің барысында өзіме және әріптестеріме қарата айтылатын “сенің жалақыңды мен төлеп отырмын”, “маған міндеттісің”, “біз болмасақ сен кімсің” деген сияқты сөздерді үнемі естіп келеміз. Халықтың айтқаны дұрыс та шығар, бірақ әр нәрсе өз орнымен дегендей…», - деп наразылық білдірді әкім.
Оның пікірінше, қатардағы мемқызметкер дегенің - жағдайы орташа қоңыртөбел, қоғамдағы проблемалары да халықпен ортақ адамдар. Пәтерін ипотекаға алып, күнде жұмысына шапқылап, түннің бір уағына дейін кабинетте қамалып, бала-шағасын өсіріп, салығын төлеп жүрген еңбекқор қарапайым адам.
«Бірақ ол неге халыққа жалшылық деңгейінде міндетті болуы керек.
Антикалық дәуірде Сократ айтып кеткен “Слуга народа” түсінігі қазіргі Қазақстан қоғамына келе ме? Ол кездегі байлығы шалқыған ақсүйек таптың шенеуніктері халыққа өздерін қарыз сезінгендіктен “слуга” болғысы келген шығар мүмкін», - дейді Жақсылық Омар.
Оның ойынша, мемқызметкер – міндеті мен жауапкершілігі және материалдық жағдайы халықпен тең адам. Жұрттан асып кеткен ештеңесі жоқ.
«Осы орайда өзімнің әріптестеріме, яғни мемлекеттік қызметте маңдай терін төгіп жүрген жерлестеріме айтқым келетіні: «Ешкімнің де жалшысы немесе анау айтқандай “слугасы” емессіңдер». Әрқайсымыздың мойнымызға жүктелген өз міндеттеріміз бар. Соны аброймен орындау, халықтың сенімін ақтау парызымыз. Басқа ештеңе емес. Ешкімге ешкім міндетті емес. Бәріміз болашақ үшін, Қазақстанның болашағы үшін жұмыс істеп жатырмыз», - дейді әкім.