«Жақсылық жаса» марафоны: Алматы облысы көш бастап тұр

1 наурыздан бастап елімізде «Жақсылық жаса» атты жалпыұлттық акция басталды.
Алматы, NEGE. Бұл бастама еріктілер қозғалысын дамытуға және азаматтарды әлеуметтік әрі экологиялық жобаларға кеңінен тартуға бағытталған. Марафонның алғашқы күндерінен-ақ Алматы облысының еріктілері белсенділік танытып, екі мыңнан астам іс-шара ұйымдастырып, өңірді республика бойынша алдыңғы қатарға шығарды.
Алматы облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, өңірде 20-дан астам ірі еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Еріктілердің жалпы саны 10 мыңнан асып жығылады. Қозғалыс барлық аудандар мен ауылдық округтерді қамтып, әлеуметтік қолдаудан бастап экологиялық жобаларға дейін түрлі бағыттарды біріктіріп отыр. Әсіресе, Мемлекет басшысының «Тaza Қазақстан» бастамасы аясында эковолонтерлікке деген қызығушылық артып келеді.
– Соңғы бір жарым жылда жастарды еріктілік қызметіне тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Арнайы іс-шаралар күнтізбесі бекітіліп, Жастар ресурстық орталығы жанынан еріктілік бастамаларды дамыту және қолдау бөлімі ашылды. Сонымен қатар алғашқы көмек көрсету, көшбасшылық, іс-шара ұйымдастыру және жобалық басқару бойынша оқыту курстары іске қосылды, – деді басқарма басшысы Мәди Ахметов.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында еріктілікті насихаттау мақсатында ауқымды ақпараттық науқан жүргізілуде. Негізгі мақсат – жаңа еріктілерді тарту және қоғамда еріктілер еңбегін кеңінен таныту.
Алматы облысының Еріктілер фронт-офисі өз жұмысын жаңартып, жыл бойына жүйелі түрде өткізілетін білім беру бағдарламаларын енгізуде. Бұл бағдарламалар еріктілерге тек көмек көрсетіп қана қоймай, кәсіби дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, «Жақсылық жаса» марафоны – жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, қоғамда еріктілік мәдениетін нығайтатын маңызды алаңға айналмақ.