Жақсылық Сәбитов: Қазіргі тарих оқулықтарында сторителлинг жоқ
Тарихшы Жақсылық Сәбитов қазіргі тарих оқулықтарын жазу тәсілін өзгерту қажет екенін айтты. Оның пікірінше, оқулықтардағы басты кемшіліктің бірі – тарихи оқиғалардың тартымды баяндалмауы.
Астана, NEGE. Қазақстандағы тарих оқулықтарының мазмұны жаңа академиялық жеті томдықтың негізінде қайта қаралмақ. Бұл туралы ғалым редакциямыздың бас редакторы Аделаида Ауеспековаға берген сұхбатында айтты.
Ғалымның сөзінше, қазіргі мектеп оқулықтары балаларға түсініксіз, тым күрделі ғылыми тілмен жазылған.
«Меніңше, ең үлкен мәселе – оқулық жазудың қазіргі тәсілінде. Мектеп оқулығы негізінен ғылыми мәтінге ұқсайды. Ондағы ақпарат өте күрделі, ғылыми тілмен жазылған», – деді ол.
Оның айтуынша, оқушыларға тарихи тұлғалардың есімдері мен билік еткен жылдарын ғана жаттатпай, олардың өмірі мен сол кезеңдегі оқиғаларды тартымды етіп түсіндіру қажет.
«Біздің оқулықта Мөде қаған туралы “көрнекті билеуші” деп жазылады. Бірақ оны оқыған бала Мөденің несімен көрнекті болғанын есте сақтай алмайды. Жалпы, бүкіл оқулық көрнекті билеушілердің тізіміне ұқсайды. Олардың бәрін жаттап алу керек, бірақ не себепті көрнекті болғаны түсініксіз. Бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы сынып оқушылары – әлі бала. Оларға тарихты белгілі бір деңгейде ертегі секілді, кейіпкерлердің өмірбаяны арқылы айтып беру керек. Бірақ бұл ретте ғылыми объективтілік толық сақталуға тиіс», – деді Жақсылық Сәбитов.
Оқулықтардағы тарихи қателер түзетіледі
Жақсылық Сәбитов жаңа академиялық жеті томдықта қолданыстағы оқулықтарда кездесетін бірқатар тарихи қате түзетілгенін айтты. Сондықтан тарих пәні мұғалімдері де жаңа материалды меңгеруге дайын болуы керек.
«Жеті томдық мектеп мұғалімдері үшін негізгі кітаптардың біріне айналады. Өйткені балаларға осы еңбекке сүйене отырып білім беру қажет болады. Ол мемлекеттік стандарт пен тарих пәні бойынша жаңа мектеп оқулықтарының негізіне айналады», – деді ол.
Жақсылық Сәбитов жеті томдық биыл жарыққа шықса, келесі жылы мемлекеттік білім беру стандарты қайта қаралуы мүмкін екенін айтты. Осыдан кейін жаңа оқулықтарды жазу жұмыстары басталмақ.
«Президентке жеті томдық биыл міндетті түрде таныстырылады деп уәде берілген. Оны осы жылы жарыққа шығару жоспарланып отыр. Меніңше, келесі жыл мемлекеттік стандартты пысықтау мен келісуге кетеді. Ал жаңа оқулықтарды жазу келесі жылдың соңына қарай басталуы мүмкін», – деді тарихшы.
Оның айтуынша, жеті томдықтағы көлемді материалдың қай бөлігін мектеп бағдарламасына енгізу керегін анықтау үшін саяси шешім қажет. Тарихшы бұл мәселені арнайы комиссия қарауға тиіс деп есептейді.
Еске салайық, бір жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық жеті томдықты әзірлеу жұмыстары басталған еді. Жұмыс барысында бұрын беймәлім болған көптеген тың дерек анықталып, ғылыми айналымға енгізілді.