Жақсылық Омарға шыққан үкімнен кейін ШҚО әкімі отставкаға өтініш берген
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот үкімі шыққаннан кейін қызметінен кету туралы өтініш жазған.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде ШҚО әкімінің баспасөз хатшысы Лаура Жақыпова хабарлады.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов белгіленген тәртіппен отставкаға кету туралы өтініш берді. Өтінішті қарау қорытындысы бойынша және оның бұл іске қатысы жоқ екені ескеріліп, отставканы қабылдамау туралы шешім қабылданды. Өңір әкімінің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық бағыты бойынша қызметі штаттық режимде жалғасуда», – деп мәлімдеді ол әкімге қатысты жазбадағы пікірде.
Еске салсақ, Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі 19 наурызда басталған болатын. Ол Қылмыстық кодекстің екі бабы – аса ірі мөлшерде алаяқтық және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтар жасады деп айыпталды. Экс-әкім сотта кінәсін толық мойындады.
3 сәуірде Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны аталған баптар бойынша кінәлі деп танып, оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 20 мамырда үкім заңды күшіне енді.
Заңға сәйкес, егер саяси мемлекеттік қызметшінің тікелей бағынысындағы қызметкер сыбайлас жемқорлық қылмысын жасап, оған қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енсе, мұндай саяси мемлекеттік қызметші отставкаға кету туралы өтініш беруге міндетті. Ал мұндай отставканы қабылдау немесе қабылдамау жөніндегі түпкілікті шешімді жоғары тұрған басшылық қабылдайды.
Қазір оқып жатыр
Депутат Ербол Айтуов қайтыс болған клиникада жансақтау бөлімі болмаған
Перуашев «Штрафстан» сөзіне тағы жауап берді: Президенттің сынын сабақ ретінде қабылдау керек
Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған мұнай компаниясы «ҚазМұнайГазға» өтті
Футболдан Қазақстан бірінші лигасында бапкер бас төрешіге су шашып жіберген