28 Желтоқсан 14:45

Жағымыз қарыссын! Nege.kz 2021 жылға арналған 5 «шок» болжамын айтты

Фото:

Экономикалық «шок» болжамдарды Данияның белді қаржы институты Saхo Bank сәнге айналдырды. Басында оған экономистер мұрнын шүйіретін. Бірақ бірнеше болжам орындалғаннан кейін, бұл форматқа да назар аударыла бастады.

Nege.kz те қарап жатпай, өзінің Қазақстан экономикасындағы 5 «шок» болжамын ұсынады. Ешқайсысы орындалмаса, авторлар дән риза болар еді.

1. Керексіз мұнай

Қара алтын ешкімге қажет емес. Мұнай 0 доллар тұрады. Барлық мұнай компаниялары жабылып, инвесторлар кетеді. Батыс облыстарда 220 мың адам ереуілге шығып, саяси-экономикалық ахуал күрт нашарлайды. Зауыттар мен мұнай кен орындарындағы қымбат бұрғылау, мұнай өндеу техникалары тоналады. Адамдарды тыныштандыру үшін үкімет Ұлттық қорды ашып, бәріне ақша тарата бастайды. Ұлттық қор 2023 жылы сарқылады. Қазақстан гастербайтерлер еліне айналып, халық жаппай басқа мемлекеттерге қара жұмысқа кетіп қалады.

Фото: Известия

2. Доллар – 1000 теңге

Популистер өз қысымын күшейткеннен кейін, президент Ұлттық Банкке базалық ставканы 3-4 пайызға түсіруге тапсырма береді. Нәтижесінде теңгелік депозиттер сыйақысы 5-6% болып қалады. Халық теңгедегі депозиттерін долларға ауыстырып жібереді. Тіпті барлық компаниялар да шоттағы қаржыларын долларға ауыстырып алады. Инвесторлар теңгелік облигациялар алуын тоқтатады. Теңге ешкімге қажет болмай, Қазақстан қор биржасындағы котировкалары құлайды. Бір доллар құны мың теңгеге жетеді. Елді толық қымбатшылық жайлайды.      

Фото: podrobno.uz

3. Ресеймен қақтығыс

Қазақстан Ресеймен қатты ұрсысып, Кеден Одағы, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауыпсіздік келісімі ұйымы, ТМД сынды барлық мемлекетаралық келісімдерден шығып кетеді. Тауар айналымы үш есе құлайды. Ресей Қазақстаннан еш тауар алмайды, өздері арқылы өтетін транзиттік сауда жолдарымызды жауып тастайды. Нәтижесінде ішкі жалпы өнім 30 пайызға құлап, көптеген кәсіпорындар жабылып, 150 мың адам жұмыссыз қалады. Саяси дүрбелеңдер уақыты басталады. Бюджетте ақша қалмаса да, Қазақстан Ұлттық қордағы қаржының барлығын әскери техника алуға жұмсайтын болады.

Фото: gmpnews.ru

4. Қытаймен жанжал

Қытаймен жанжалдасып қалғаннан кейін, Қазақстан экономикасы 3 ай ішінде толықтай тоқтайды. Себебі, сауда да, өндіріс те жойылады. Бірде-бір тауар болмайды. Жолдар құрылысы тұралайды. Ірі жобалар жабылады. Ауыл шаруашылығы толығымен күйрейді. Қытайдан бас арашалау үшін Қазақстан Ресейге жүгініп, Үшаралдағы әскери бөлімде Ресейдің әскери базасы пайда болады. Ішкі жалпы өнім 80 пайызға құлайды. Қазақстан ТМД аумағындағы ең кедей мемлекеттер қатарына қосылады.

Фото: 34travel.me

5. Миды жоғалту

Өзбекстан өз экономикасын, қаржы секторын қарқынды дамыту үшін Қазақстандағы барлық IT мамандарды, білімді экономистер мен қаржыгерлерді, технологтар мен инженерлерді, PR мен жарнама саласының майталмандарын жақсы жалақыға жұмысқа шақыртып алады. Өзбекстанға жағымды имидж жасалып, экономикасы гүлденіп, Орталық Азияға бағытталған барлық инвестициялар Ташкентке ағылатын болады. «Ташкент қаржы орталығы» ашылғаннан кейін, Астана халықаралық қаржы орталығы, Қазақстан қор биржалары керексіз болып, жабылып қалады. Теңгенің құны өсіп, Қазақстан барлық тауарларын Өзбекстаннан тасиды. Іскер, білікті азаматтардан кейін, қарапайым қазақ жұмысшылары да қара жұмыс істеу үшін Өзбекстанға ағылады.

Фото: afisha.uz

Nege.kz «шок» болжамдарының орындалуы екіталай дүние. Себебі, ел басында отырған білікті азаматтардың кез-келген шешімнің неге апарып соқтыратынын көріп отырғаны анық. Қазіргі пандемия жағдайында «жеті өлшеп, бір рет кесудің» маңызы мың есе артып кетті.

Әсіресе, экономикалық популизмнің кең етек алып, елдің болашағына қауіп төндіре бастағанын көріп отырмыз. Сондықтан, популизмнің қызыл сызық – Есілдің сол жағалауына өтіп кетпеуін тілейміз.    

Тегтер: