«Жағдай шиеленісті, бірақ шығынсыз шығуға тырысамыз» – Қанат Бозымбаев оңтүстіктегі су тапшылығы туралы

Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында вице-премьер Қанат Бозымбаев шілде айының соңында Қырғызстаннан қосымша су алу туралы келіссөз жүргізуге не себеп болғанын түсіндірді.
Алматы, NEGE. «Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Қырғызстан мен Өзбекстан Премьер-Министрлерімен консультациялар өткіздік. Өткен аптада бізге су жеткізу кестесінен шамамен 1 миллиард текше метрге кейін қалып қойды. Бірақ осы аптадан бастап екі апта ішінде бізге шамамен 600 млн текше метр су жіберуге уағдаластық. Жалпы, егін егу кезеңі тамызда аяқталады. Жағдай күрделі, бірақ шығынсыз шығуға тырысамыз», – деді ол.
Бозымбаевтың айтуынша, биыл Орталық Азияда су аз болды. Сырдария өзенінің негізгі арнасына судың келуі небәрі 30–40 %, бұл өзен Түркістан және Қызылорда облыстарын сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Жамбыл облысын сумен қамтамасыз ететін Шу мен Талас өзендерінің де ағыны төмен болған.
«Биыл өте ыстық болды. Қызылорда облысында жаңбыр алғаш рет бес күн бұрын ғана жауды. Ауа температурасы оңтүстікте кей күндері 52 градусқа дейін жетті. Сондықтан егін шаруашылығына жұмсалатын су мөлшері артты, ал бізге жеткен су мөлшері едәуір аз болды», – деді ол.
Бозумбаевтың сөзінше, жағдай бақылауда, ал жедел шаралар ахуалды айтарлықтай тұрақтандыруға көмектесіп отыр.
«Жағдай қиын, бірақ одан да қиын жылдар болған. Суару суымен қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда, өнім жинау жақсы өтеді деп ойлаймыз», – деді вице-премьер.