17 Қаңтар 11:00
...

«Жабық соттан 19 видео жариялады» – «Дикий Арманға» Бас прокуратураның НЕГЕ әлі келмейді?

Бас прокуратура
Фото: Коллаж NEGE

«Дикий Арман» деген лақап атпен танымал Арман Жұмагелдиев пен оның сыбайластарына қатысты жабық сот процесі 2023 жылдың қыркүйегінде басталған, дақпыртты сот содан бері әлі жүріп жатыр.

Өткен жылдың басында Бас прокуратура ҰҚК 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов, «Дикий Арман» – Арман Жұмагелдиев, экс-депутат Қайрат Құдайберген және басқа да күдіктілерге қатысты қылмыстық істі сот 48 эпизод бойынша қарап жатқанын хабарлаған-ды.

Алайда бұл сот процесінің атауы «жабық сот» болғанымен, әлеуметтік желіде процесс барысынан түрлі видеолар «қыдырып» жүр. Күдікті А.Жұмагелдиевтің YouTube каналында бүгінге дейін сот процесінен 19 видео жарияланды. Бұл видеоларды кім түсіргені, қайдан жарияланғаны белгісіз.

Сот
Фото: видеодан көшірме

Барлығында «Дикий Арман» мен оның сыбайластарының сотта қалай шешен сөйлегенін, олардың жұртты қалай «аузына қаратқанын» көрсеткісі келген. Одан бөлек, күдіктілердің процесс кезінде өзін ұстауы тым ерсі: бірі – тамақ жеп отыр, екіншісі – ыржалақтайды, үшіншісі – орнынан тұрып кете береді. Оларға ескерту жасап жатқан ешкім жоқ. Мұны көрген адам сот процесін А.Жұмагелдиев жүргізіп отыр екен деп ойлап қалуы мүмкін. Бұл – «жабық соттың» жарияланып кеткен видеосынан көргендеріміз ғана.

Осыған байланысты біз Бас прокурор Берік Асыловтың атына ресми сауал жолдап, жабық сот процесіне қатысты бірнеше сұрақ қойғанбыз. Онда тарап кеткен видеолардың кімнен және қайдан шығып жатқанынан бөлек, күдіктілердің іс-әрекетіне қатысты да сауалдар болған. Алайда Бас прокуратураның 2-ші Қызмет бастығының орынбасары Ж.Туғанбаев сұрақтарымызға жауап беруді қажет деп таппапты. Бәлкім, жауап бере алмаған да шығар...

Жауап
Фото: NEGE

ҚР Қылмыстық кодексінің 423-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны, істі Алматы қаласының прокуратурасы тергеп жатқаны бұған дейін де хабарланған. Бірақ біз осы істің дұрыс тергеліп жатқанына күмәнданамыз. Өйткені қылмыстық іс қозғалғалы біраз болды, ал Арман Жұмагелдиевтің YouTube каналы іс қозғалғаннан кейін де бірнеше видео жариялап үлгерді. Сөзіміз жалаң болмасы үшін мысал келтірейік, әлгі канал кеше ғана сот процесінен екі жарым сағаттық видео салды...

Жабық сотты ашық жасап алған күдікті «Дикий Арман» мен оның сыбайластарына Бас прокуратураның әлі келмей ме, әлде әдейі істей ме?