«Жабайы Арман» НЕГЕ жақсылыққа шақыра бастады?

Соңғы бірер күнде қазақстандықтарға «Жабайы Арман» («Дикий Арман») деген лақап атымен кеңінен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев Instagram желісінде жұлдыз боп тұр. Әуелі көк бөрі мен қар барысының табиғатын танытар ишаратты бейнелеп, онысын әлемдік және отандық спорт, шоу-бизнес жұлдыздары мен халықаралық қылмыс әлемінің өкілдеріне жолдаған.
Алматы, NEGE. Арманның челенджіне жекпе-жек өнерінің ресейлік шебері Хабиб Нұрмағамбетов бастап, біздің әнші-әртістер қоштап, біраз жұрт қолдау танытыпты. Елу мыңның үстінде жазылушысы бар Арман ендігі бір қысқа бейне-жолдауында өзінің «бастамасына» қолдау көрсеткен жұртқа алғысын білдіріп.., жалпы қазаққа ақыл айтып, бірлікке, елдікке шақырып, жаңа мәселеге көшіпті.
«Маған желіде сәлем жолдап, «қазақтың батыры» деп жатыр. Сендердің ақ ниеттеріңе рахмет! Өз видеомда қазақ жастарының басы қосылып, рухы оянса деген мақсат болды. Қазір қаншама қазақ қыздары етегін көтеріп жүр, ұлдарымыз намыссыз боп кетті. Соның барлығын жойып, намысшыл халық болайық!» дейді «Жабайы Арман».
Түрік астанасында тұрып, ұлтшылдығы мен еліне деген сағынышы қозып кетсе керек, Арман жастар мәселесінен әрі асып, ұлттық тақырыпқа да біраз құлаш сермепті. «Жастарымыз есірткіге отырса, қыздарымыз етегін көтерсе, біз ел болмаймыз, жерімізге еге болмаймыз. Ата-бабаларымыздан қалған қағидаларды, дінімізді ұстанайық! Қазақтың ең жаман тұсы – біз бір-бірімізді сатып келе жатырмыз. 1936-38 жылдары қаншама тұлғалар атылып кетті. Олардың жаулары тек қазақтар болды. Руға, жүзге бөлінбейік. Ата-бабаларымыз тәрізді бүкіл әлемге өзімізді танытып, қазақ екенімізді білдірейік. Сол мақсатпен жүрейік!» деп бір қайырды.
Кейінгі кезде «Жабайы Арманның» атағы қылмыс әлемінде аты шыққан «Квежович» (шын аты Гурам Чихладзе – ред.) деген «заңды ұрыны» Түркияда сабап тастағалы бері аспандап тұр.