15 Наурыз 18:36
...

«Ізгі ниетпен, алаяқ» сериалы көрерменге жол тартты

"Қазақтелеком" АҚ
Фото: Nege.kz

«Қазақтелекомның» TV+ платформасында көптен күткен «Ізгі ниетпен, алаяқ» телехикаясының тұсауы кесілді. 

14 наурызда «Қазақтелеком» мен Salem Entertainment компаниясының биылдыққа бірлескен алғашқы ірі жобасының тұсауын кесті. Отандық режиссер Аян Найзабековтың кино өнерінде аты танылған Аружан Жазылбекова, Санжар Мәди, Мэрим Атантаева, Алмагүл Қазихан-Сағындық, Шәріп Серік және Олжас Әлжанов секілді актерлердің басын қосқан «Ізгі ниетпен, алаяқ» жаңа сериалы TV+ платформасында көрерменге жол тартты. Мұнда қыз-келіншектерді алдап-арбап, қаржы қармауына түсіретін алаяқтар жөнінде әлеуметтік өткір тақырып қозғалады.

Биыл ребрендингтен өткен Salem Entertainment продюсерлік компаниясының «Ізгі ниетпен, алаяқ» жаңа жобасы «Қазақтелекомның» TV+ платформасында телехикаялар маусымын ашып отыр. Жаңа жобаның шоуранері Қуат Садықов өзін Sheker және «Пацанские истории» сынды танымал сериалдарда продюсер ретінде танытқан болатын. Сериалдың трейлері де көрерменді бейжай қалдырмады.

Ал фильмнің режиссері Аян Найзабеков: «Қыз-келіншектердің сезім жетегінде кетіп, соңында алаяққа жем болып, қалай тақырға отыратыны, бұл тығырықтан қалай шығуға болатыны жөнінде бұрыннан ашып көрсеткім келіп жүрген. Жалпы, әйелдер қауымы өте жанашыр келеді. Содан болар, алаяқтықтың бұл түрінен көбінесе әйелдер зардап шегуде. Мұндай оқиғаларды тағы бір рет қоғамның есіне сабақ ретінде салып, әпке-қарындастарымызды бұл қасіретпен күресуге қамшылағым келді. Бұл туынды көрерменнің көңілінен шығатынына сенімдімін», – дейді. 

Аян Найзабеков
Nege.kz

     «Ізгі ниетпен, алаяқ» сериалының негізгі сюжеті – сері жігіт, қыз-қырқын көзінің құрты, нағыз суайт Тимурдың төңірегінде өрбиді. Басты кейіпкер – Гаухар да Тимурға көзсіз ғашық болып, болашаққа бірге қол ұстасып, аяқ басамыз деп құлай сенеді. Ақыр аяғында нақсүйерінің қарызға белшеден батқан нағыз алаяқ екеніне көзі жетіп, өмірден түңіліп кетеді. Бұрынғы күйеу жігітті іздеу барысында бойжеткенге Тимурдың басқа құрбандарымен танысуға тура келеді. Сөйтіп бәрі жұдырықтай жұмылып, өтірікшіден ақшаларын қайтарып, кек алу үшін жоспар құра бастайды. 

«Ізгі ниетпен, алаяқ» сериалы
Nege.kz

«Туындының айтпағы – қоғам кінәні құрбанға жаба беруді тоқтату керек. Әйелдер махаббат сезіміне бой алдырып, алданып қалғанын мойындауы қиын десек те, алаяқтан зардап шеккенін қысылмай, ашық айтуы тиіс», – деп есептейді «Ізгі ниетпен, алаяқ» сериалының сценаристі Раушан Садырбаева.
Алаяқтың рөлін сомдаған актер Санжар Мәдидің пікірінше, сериал әйелдерге қайткен жағдайда да ер адамға өзіңді билеп-төстеп, жеке кеңістігіңді жойып, манипуляция жасауына жол бермеу керектігін үйретеді.

Санжар Мәди
Nege.kz

Сондай-ақ, ол телехикая ер азаматтардың өз сөзінде тұрып, істеген ісін мойнымен көтеруі тиіс екенін тағы да қаперге салады. Айта кету керек, «Ізгі ниетпен, алаяқ» сериалы – «Қазақтелекомның» Salem-мен ынтымақтастығының кезекті алтыншы өнімі.

Былтыр «Қара аула», «Қарға», «Шеше», «Шағын және орта бургер» және «1286» телехикаялары TV+ платформасының нағыз бестселлеріне айналып, қазақстандықтардың гаджеттеріне жүктеу санын 3,7 есеге арттырған еді.

Яғни, 2023 жылдың қорытындысы бойынша жазылушылар саны 376,4 мыңнан 1,4 млн-ға жеткен. Сонымен қатар, платформада Salem-мен бірлескен контент пайда болғалы телекоммуникация операторы ақылы TV+ жазылымдарының саны он есеге өскенін мәлімдеді.

«Ізгі ниетпен, алаяқ» сериалы
Nege.kz

«TV+ платформасында өз контентіміздің пайда болып, көрермен сұранысын дөп басқаны көңілге қуаныш ұялатады. Ал біздің Salem-мен бірлескен сериалдарымыздың кейіпкерлеріне аудиторияның жаны ашиды.

«Ізгі ниетпен, алаяқ» сериалы да алдыңғы телетоптамалардан кем түспейді. Әйелдер қаржы алаяқтарының құрбаны болмас үшін мың жерден ұнатса да еркекке құлай сенбей, сақ болуды ескертеді.

 Бұл өткір мәселені жеңіл қалжыңмен жеткізетін туынды платформамыздың көрермен санын арттырып, тұрақты жанкүйерлеріміздің көңілінен шығатынына сенемін», – деп түйіндеді «Қазақтелеком» АҚ бөлшек бизнес дивизионының Бас директоры Игорь Погребицкий.

«Ізгі ниетпен, алаяқ» сериалы 11 бөлімнен тұрады, 14 наурыз күні сағат 18:00-ден бастап «Қазақтелеком» TV+ платформасында көрермендер жаңа туындының бірнеше сериясын бірден көре алады.