USD
USD
USD

Сәуірде зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегі өсуі мүмкін

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын шешіп алуға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегін өсіру жоспарлануда. Тиісті өзгерістер сәуір айында енгізілуі мүмкін.

Ақша
Фото: gov.kz

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Сенат кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, мұндай шешімге әсіресе жастар арасында зейнетақы жинағын шешіп алу көрсеткішінің артуы негіз болған.

«Жалпы шамамен 5 трлн теңге көлеміндегі жинақ шешіп алынды. Санаттар бойынша қарасақ, оның шамамен 1 трлн теңгесін 20 мен 35 жас аралығындағы жастар алған. Осындай үрдісті ескере отырып, Еңбек министрлігі зейнетақы жинағының ең төменгі жеткіліктілік шегін көтеру қажет деп санайды», – деді министр.

Ол өзгерістердің басты мақсаты – жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту екенін атап өтті.

«Жұмыс істей бастаған жастар алдымен жинақ қалыптастыруы керек. Қазір бұл құрал несие жабуға және емделуге тиімді, бірақ болашақтағы зейнетақыны да ойлау қажет. Ол қандай болады? Қанша көлемде болады?» – дейді Ертаев.

Бүгінде Қазақстанда еңбекке қабілетті 9,7 млн адам болса, оның шамамен 2,9 миллионы ешқандай жарна аудармайды  екен, яғни олардың жинағы жоқ. Министрдің сөзінше, олар зейнетке шыққанда 35 мыңнан 80 мың теңгеге дейінгі ең төменгі базалық зейнетақыны ғана ала алады.

«Мұндай қаражатпен өмір сүру қиын. Сондықтан ең төменгі жеткіліктілік шегін қайта қарап, оны өсіру қажет деп санаймыз», – деп түсіндірді ол.

Министрлікте жаңа шектер бойынша есептеулер жүргізіліп жатыр. Жоба Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісілуде.

«Күзге дейін созылмайды – сәуір айында іске асырылады. Біз ең төменгі жеткіліктілік шегін өсіру мәселесін қараймыз», – деді министрлік басшысы.

Министр ұсынылып отырған өзгерістер бойынша есептеу үлгісін де келтірді.

«Мысалы, өткен жылы менің зейнетақы шотымда 2 млн теңге жиналса, биыл ең төменгі жеткіліктілік шегі 2 млн + 8% және тағы +2% болады, яғни шамамен 10% қосылады. Осы сомадан асқан бөлігін ғана ала аламын. Бұл барлық азаматтарға ортақ формула болады», — деп түсіндірді Ертаев.

Сонымен қатар министр қаражатты мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі сақталатынын атап өтті. Жинағы жеткілікті азаматтар несие алу немесе емделу қажет болған жағдайда, оны несиесін жабуға немесе емделуге жұмсай алады.

Қазір оқып жатыр

Бектенов Түркістан облысында бұлақ көзін тазартып, ағаш отырғызды

Олжас Бектенов

10 мың теңгелік ескі банкноттарға қатысты жағымды жаңалық айтылды

Ақша

Қазақстандық екі клуб Еуропада үздік ондыққа енді

футзал

Шілдеден бастап Қазақстанда несие алу қиындай түседі

Теңге