Зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегі 79%-ға дейін өсуі мүмкін
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев 2026 жылдың мамыр айында зейнетақы жинақтарын бір реттік шешіп алу шегі көтерілетінін мәлімдеді.
Астана, NEGE. Министрдің мәлімдеуінше, қазақстандықтар соңғы бес жылда зейнетақы жинағы қорынан 5 трлн 700 млрд теңге шешіп алған. Оның басым бөлігі несие жабуға жұмсалған.
Зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегі, Ертаевтың айтуынша, осы айдың соңына дейін көтерілуі мүмкін.
«Әртүрлі болады: 23 пен 35 жас аралығындағыларға және 35 пен 63 жас аралығындағыларға шек 79%-ға дейін өседі. Қазір біз БЖЗҚ-мен бірге формула мен есеп-қисаптарды әзірлеп жатырмыз, ол ресми түрде жарияланып, сіздерге қолжетімді болады. Кездесуде мұны жан-жақты түсіндіреміз», – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі кулуарда.
Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін көтеру туралы ұсыныс көпшіліктің сынына ұшыраған болатын. 6 сәуірде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ашық НҚА порталында жаңа қаулы жобасын жариялады. Алайда бұл бастама қоғам тарапынан қолдау таппады. Қаулы жобасын шамамен 4,5 мың адам қарап шыққанымен, бірде-бірі қолдап дауыс бермеген. Пікір қалдырғандар есептеулердің қалай жүргізілгені түсініксіз екенін айтып, өзгерістердің ашықтығына күмән келтіреді.