13 Қаңтар 09:03
...

Зейнетақы жинағын емге жұмсау уақытша тоқтатылды

gov.kz
Фото: gov.kz

Отбасы банк 12 қаңтардан бастап зейнетақы жинақтары есебінен емделуге өтінім қабылдау уақытша тоқтатылғанын хабарлады.

Астана, NEGE. Банк мәліметінше, БЖЗҚ қаражаты есебінен медициналық қызмет алуға қойылатын талаптар қайта қаралмақ.

«2026 жылғы 12 қаңтарда сағат 19.00-ден бастап enpf-otbasy.kz платформасында БЖЗҚ есебінен емделуге өтінімдер қабылдау тоқтатылады.

Отбасы банкі Денсаулық сақтау министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, БЖЗҚ есебінен медициналық қызметтерді алуға қойылатын талаптарды қайта қарайды және зейнетақы артықшылықтарын мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру тетіктерін пысықтайды», – делінген Отбасы банк хабарламасында.

Банк өкілдері емделуге өтінім қабылдау талаптарға түзету енгізілгеннен кейін қосымша хабарланатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қаржылық мониторинг агенттігі БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын заңсыз шығару деректері бойынша стоматологиялық клиникалардың басшыларына қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Агенттіктің мәліметінше, қылмыстық схемаға 42 стоматологиялық клиника тартылған. Жалпы сомасы 200 млрд теңгеден астам қаражат шығарылған.

Отбасы банк өткен жылғы 15 қыркүйектен бастап зейнетақы жинағын тіс емдеуге пайдалануды уақытша тоқтатқан еді. Ал желтоқсанда біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен көз емдетуге тыйым салынды. 

Стоматология мен офтальмологияға БЖЗҚ қаражатын пайдалануға өтінім қабылдау тоқтатылғаннан кейін қазақстандықтар зейнетақы қаражатын жаппай пластикалық ота жасатуға сұрата бастаған. Көп ұзамай Отбасы банк бұл мақсатта да өтінім қабылдауды тоқтатты.

Таяуда қазақстандықтар зейнетақы жинағын жаппай радиохирургиялық ем ақысын төлеу үшін шешіп ала бастағаны мәлім болды. Сарапшылар мұны «қаржыны мақсатсыз жұмсау» деп бағалап отыр.