21 Қаңтар 10:56
...

Зейнетақы жинағы есебінен тұрғын үй алу ережесі өзгерді

freepik.com
Фото: freepik.com

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 13 қаңтарда Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізетін бұйрыққа қол қойды.

Астана, NEGE. Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы шот ашылғаннан кейін өтініш беруші тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемін алу жөнінде электрондық өтініш толтырады. Өтініште: арнайы шоттың нөмірі, пайдалану мақсаты, қолжетімді сома көрсетіледі және өтініш берушінің электронды цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.

Бұрын электрондық өтініште жеке табыс салығын ұстау және аудару тәсілдерін де көрсету талап етілетін.

Сондай-ақ құжатта Қазақстанда біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін мына мақсаттарда пайдалануға болатыны нақтыланған:

  • тұрғын үй сатып алуға алынған ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша негізгі қарызды ішінара немесе толық өтеу;

  • жеке тұрғын үй салу.

Сонымен қатар біржолғы зейнетақы төлемдерімен толықтырылған тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт бойынша құқықтарды жұбайына және жақын туыстарына беруге рұқсат етіледі.

Өзгерістер сондай-ақ тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану тәртібіне де қатысты.

Бұдан бөлек егер белгіленген мерзімде растайтын құжаттар ұсынылмаса, біржолғы зейнетақы төлемдерінің қаражаты өтініш берушінің БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылады.

«Егер өтініш берушінің арнайы шотынан біржолғы зейнетақы төлемі сомасы қате түрде БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда, уәкілетті оператор өтініш берушінің жеке зейнетақы шотынан қате қайтарылған қаражатты есептен шығаруға берген келісімін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы келісімді қоса тіркеп, БЖЗҚ-ға электрондық хабарлама жібереді», – делінген құжатта.

Өз кезегінде, БЖЗҚ хабарламаны алған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде, өтініш берушінің жеке зейнетақы шотындағы нақты бар сомадан аспайтын мөлшерде көрсетілген қаражатты уәкілетті операторға аударады. Бұл қаражат кейін өтініш берушінің уәкілетті операторда ашылған арнайы шотына қайтадан есептеледі.

Бұйрық 2026 жылғы 31 қаңтардан бастап күшіне енеді, ал кейбір ережелер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.