12 Желтоқсан 09:50
...

Зейнетақы қаржысын пластикалық отаға жұмсауға тыйым салынды

 freepik.com
Фото: freepik.com

Отбасы банк бүгін, яғни 2025 жылғы 12 желтоқсаннан бастап БЖЗҚ қаражатын «Операциядан кейінгі тыртықтарды және туа біткен ақауларды түзетуге арналған реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) операциялары» мақсаты бойынша пайдалану үшін өтінім қабылдау тоқтатылғанын хабарлады.

Астана, NEGE. Банктің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, мұндай шешім қабылдауға стоматология мен офтальмологияға БЖЗҚ қаражатын пайдалану үшін өтінім қабылдау тоқтатылғаннан кейін қазақстандықтардың зейнетақы қаражатын жаппай пластикалық ота жасатуға сұрата бастағаны себеп болған. 

Бұрын банкке пластикалық оталарға БЖЗҚ қаражатын пайдалану туралы азаматтардан айына орта есеппен 16 өтініш түсетін болса, қыркүйекте стоматология бойынша өтінім қабылдау тоқтаған кезде мұндай өтінімдер саны 123-ке дейін өскен, қазанда – 1 844-ке, ал қарашада – 3 878 өтінішке жеткен.

Банк мәліметінше, желтоқсанның алғашқы 8 күнінде офтальмологияға өтінім қабылдау тоқтағаннан кейін пластикалық оталарға БЖЗҚ пайдалану бойынша 2 093 өтініш түскен. Бұл бұрынғы айлық орташа көрсеткіштен 130 есе көп болып отыр. Желтоқсан айындағы өтінімдердің жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге жеткен.

«Пластикалық оталарға деген қызығушылықтың күрт артқанын байқаған кезде біз бұл жағдайдан БЖЗҚ қаражатын мақсатсыз пайдалану қаупін көрдік. Сондықтан осы бағыт бойынша өтінім қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болдық. Кейбіреулер БЗҚ қаражатын делдалдар арқылы заңсыз жолмен шешіп алып жатыр. Ал шын мәнінде, пайда тауып отырған – сол делдалдар. Отбасы банкі үшін ең маңыздысы – зейнетақы қаражатының нақты мақсатына жұмсалуын қамтамасыз ету және оны заңсыз баю құралына айналдырмау», – деп мәлімдеді Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Ресми дерекке сүйенсек, қазіргі уақытта пластикалық операцияларға БЖЗҚ қаражатын пайдалану бойынша 6 294 өтінім қаралып жатыр. Банк өкілдері бұл өтінімдердің барлығы қолданыстағы тәртіпке сәйкес өңделетінін атап өтті.

Сонымен қатар азаматтарда өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өмірлік маңызды, құны жоғары және әрдайым қолжетімді бола бермейтін ем түрлеріне бағыттау мүмкіндігі сақталады.

Мұндай медициналық қызметтерге мыналар жатады:

  • сирек (орфандық) ауруларды емдеу;
  • радионуклидтік және радиойод терапиясы;
  • радиохирургиялық емдеу;
  • протондық терапия.

Бұдан бөлек, азаматтар зейнетақы артылған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады: тұрғын үй сатып алу, ипотеканы толық немесе жартылай өтеу, сондай-ақ Отбасы банктегі депозитті толықтырып, кейін баспана алу мүмкіндігі бар.

Тегтер: