24 Шілде 14:13
...

«Кеген мен Нарынқол тұрғындары есектің сүтімен емделіп жатқан жоқ»

Фото:

Күні кеше ғана ақпарат құралдарында Кеген, Райымбек аудандарының тұрғындары жаппай есектің сүтін ішіп, коронавирусты пневмониядан айығып жатыр деген қауөсет тараған-ды. Оның қаншалықты рас екені де белгісіз. Дегенмен, ауру дендеген уақытта түрлі ем-дом жолдары ел арасын кезіп жүр.

«Алматы облысының Кеген және Райымбек аудандарында коронавирусқа және пневмонияға шалдыққан халық емнің ерекше түрін тапты. Бағзыдан есек ұстап, оны шаруасына жұмсайтын тұрғындар енді оның сүтін де пайдаланып жатыр. Ауруға шалдығып емделіп шыққандардың айтуынша, есектің сүті таптырмайтын ем екен», - деп Stan.kz тілшісі бұл туралы ақпараттың шын-өтірігін тексеріп көрген екен. Ел арасынан көп іздеп жүріп коронавирустан емес, туберкулезден жазылған адамды тауыпты-мыс.

Редакциямызға хабарласқан оқырманымыз, бұл ақпараттың жалған екенін айтты. Өйткені осы жаңалықты оқығанда қатты таң қалған. Тіпті, Нарынқол мен Кегеннің адамдары есектің сүтін ішіпті дегенді бұрын-соңды естімеген де екен. Дорба-дорба құрт жасап, үйінде ірімшік-майы сақтаулы, күн сайын сары қымыз сапырып отырған өңірдің адамдары есектің сүтіне зәру емес дейді.

Ақпараттың рас-өтірігін тексермек болып Nege.kz тілшісі Нарынқол мен Кегеннің аудандық ауруханаларына хабарласты.

Тақырыпқа орай: Індет жұртқа иттің майын ішкізіп, кірпінің етін жегізіп жатыр...

Аурухана дәрігерлері де мұны теріске шығарды. Айтуларынша, осы уақытқа дейін бірде-бір науқастың «есектің сүтін ішіп жазылдым» дегенін естімеген.

«Бұл ақпартты біз де көрдік. Көріп өзіміз де шошыдық. Осы ауданда жұмыс істегеніме 4 жыл болды. Соңғы екі айдың көлемінде пандемияның Нарынқолға жетуінен кейін қызу жұмыс басталды. Оған дейін бізде мұндай сұмдық ауру болмаған еді. Осы соңғы екі айдың ішінде «есектің сүтін ішіп жазылдым, сендер де ішіңдер» деп жарнамалап жатқан адам көрген жоқпын. Ол әлеуметтік желіде біреудің ойнап отырып жаза салған әңгімесі болу керек. Әйтпесе ол шындыққа жанаспайды. Медицина тұрғысынан да есектің сүті ем екен деген дәлелденбеген. Неміс ғалымдарының дәлелдеуі бойынша қымыз бен саумалдың пайдасы басым. Біздің академик Шармановтың өзі жылқының етін жеп, қымызын ішу пайдалы дейді. Өйткені тез қорытылады, холестерин аз, ағзаға пайдалы. Ал есектің сүтін ғалымдар отырып зерттеді дегенді естімеппін немесе бір ғылыми еңбекті оқымаппын. Есек іздеп кеткен елді де көрмедім. Ауылдық жер болғандықтан есек жоқ емес. Бірақ соларды сауып отырған адамды көрмедім. Ешкім ішіп жүрген жоқ, бұл жалған ақпарат. Ақылға да қонбайды, қисынға да сыймайды», - дейді Райымбек аудандық ауруханасының халыққа қызмет көрсету жөніндегі орынбасары Қожаков Дәулет Ерболұлы.

Тілшіміз хабарласқан Кеген аудандық ауруханасының қызметкерлерінен де осы жауапты естідік.

«Бізге сол ақпаратты уатсап месенджері арқылы әкімшіліктен кеше жіберді. Бірінші рет естіп отырмын. Ол туралы толық ақпартты білмеймін. Науқастардың арасында да есектің сүтін ішіп жатқандар жоқ. Оларды медициналық препараттармен емдеп жатырмыз. Бірақ есектің сүті ем емес. Бірінші рет естідім», - дейді Кеген аудандық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жанұзақова Бұлбұл Құдайбергенқызы.

«Алматы облысының тұрғындары коронавирустан есектің сүтімен емделіп жатыр» деген мақаланың астына Райымбек ауданының тұрғыны Омарова Балжан Әбуқызы да өз ойын жазып, пікір қалдырыпты.

«Әлемді әбігерге салып, дүниені дүр сілкіндірген бұл  індет – қазіргі таңда үлкен қауіп төндіріп отырғаны барлығымызға мәлім. Осы орайда сабырлық сақтап, ақ халатты абзал жандардың нұсқауына құлақ асып, аурудан құлан таза айыққан жандар аз емес. Осындай сын сағатта, өздеріңіз байқап отырғандай арандатушылық пен жалған мәліметтер әлеуметтік желілерде тіпті Республикалық сайттарда да желдей есіп жүр. Мен Райымбек ауданының құрметті азаматы ретінде, ардагер ұстаз ретінде осы мақаланы жазған журналистке айтарым бар! Қазіргі таңда, арлы діннен аттамаған, салтқа берік, «есектің сүтін» ішпек түгілі доңыздың етін дастарханға да қоймаған, сұлу табиғатындай  жанының тазалығын сақтаған 41 мың халық тұратын «Райымбек ауданы» деген аудан бар. Сондықтан да халықты  мұндай негізсіз дүниемен ақпараттандыру қаншалықты дұрыс екенін түсінбедім. Сонымен қатар, қазіргі таңда медицина саласында да  оң өзгерістер болуда. Дәрі-дәрмек тапшылығы азайып, дәріхана сөрелері қажетті дәрілерге толып тұрғанда, арам деп танылған есектің сүтін ішіп емделіп жатыр деген ақпарат шындыққа түк жанаспайтыны хақ. «Әлемді мейірімділік құтқарады» деген рас. Қазіргі кезде ауданымызда демеушілердің ықпалымен  тыныс алу аппараттары, тіпті қажетті дәрі-дәрмекке дейін жеткізілуде. Осындай игі істің нәтежиесінде індетке шалдыққандар саны азайып келе жатыр.  Сондықтан да, құрметті оқырмандар «сақтансаң сақтаймын» деген сөз бекер айтылмаса керек. Жоғарыдағыдай даурықпа, бос сөздерге еріп, халықты дүрбелеңге салатын негізсіз ақпараттардан сақ болыңыздар. Бұл індетті жеңудің жалғыз жолы, қарапайым сақтық шараларын естен шығармай, бұлжытпай орындау керектігін  әр адам түсінеді.  Сіздің салғырттығыңыз, өзгелердің денсаулығына, тіпті өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шығырмаңыз», - деп жазады Балжан Әбуқызы.

Еті арам саналатын есектің сүтін ішу дін тұрғысынан да құпталмаған. Ендеше ауру бойыңды дендеп алса, жаныңды аман алып қалу үшін арам саналатын жануардың етін жеп, сүтін ішу қаншалықты дұрыс?

«Есектің еті қаншалықты арам болса, сүті де соншалықты арам. Бұл дін ғалымдарының көпшілігінің тұжырымы. Ханафи ғалымдары арасында оның таза екендігін пайымдағандар болғанымен, Ханафи мәзхабындағы негізгі қабыл етілген пәтуа - оның харам екендігі. Сондықтан да, көкжөтел ауруына шалдыққан балаға есек сүтінен гөрі, медициналық емдеу жолын таңдаған дұрыс», - дейді дін өкілдері.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Дәленов Ерболат Дербісәліұлы да бұған дейін Nege.kz тілшісіне берген сұхбатында қазақы болмысымызға жат тағамдар ағзамызға кері әсер етуі мүмкін екендігін ескерткен еді. Сол себепті ғаламтор кеңістігінде кезіп жүрген дәлелсіз ем-домдардан сақ болған жөн. 

Өтірік өсекпен ел арасын дүрліктіріп, жоқ жерден ілік іздеп, қазіргі тілмен айтқанда «хайп» қуып отырған Stan.kzJasqazaq сайттары қандай дәлел келтіре алады? Коронавирустан айығу үшін есектің сүтін ішіп отырған адамды көрсете ала ма? Көрсете алмасы анық. Өйткені, олар ел арасынан өздері айтпақшы көп іздеп жүріп коронавирустан емес, туберкулезден жазылған адамды тапқан. 

Тегтер: