11 Наурыз 00:52
...

«Зеленский Трамптан кешірім сұрады» – Украина президенті Сауд Арабиясына НЕГЕ барды?

Сауд Арабиясы
Фото: Видеодан стоп-кадр

Трамп пен Зеленскийдің Вашингтондағы «бет жыртысқан» кездесуінен соң Украина президенті АҚШ лидерінен кешірім сұраған. Бұл туралы Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф мәлімдеді. 

Стив Уиткоффтың айтуынша, Украина президенті Владимир Зеленский Дональд Трампқа хат жолдапты. Арнайы өкіл Зеленскийдің бұл әрекетін «аса маңызды қадам» деп бағалап отыр. Бұл туралы Fox News хабарлады. 

«Біздің командамыз бен украиналықтар және еуропалықтар арасында көп пікірталас болды. Мен мұны ілгерілеу деп бағалаймын. Келісім іске асады деп үміттенемін», – деді Стив Уиткофф.

АҚШ
Стив Уиткофф. Фото: ғаламтордан

10 наурыз күні Владимир Зеленский мұрагер ханзада Мохаммед бин Салманмен кездесу үшін Сауд Арабиясына барды. Ал бүгін Украина мен АҚШ делегациясы арасында жаңа келіссөздер өтуі керек. Украина делегациясы құрамында президент Зеленскийден бөлек, президент кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак пен оның орынбасары Павел Палиса, сыртқы істер министрі Андрей Сибига, қорғаныс министрі Рустем Умеров бар. Зеленскийдің айтуынша, қорғаныс министрі келіссөзге қатыспайды. 

Ал америкалық делегация сапында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц және Таяу шығыстағы арнайы өкіл Стив Уиткофф бар. Мемлекеттік хатшы келіссөз алдында «Украинаға әскери көмек қайта жандануы мүмкін екенін» ымдап жеткізді. 

«Менің ойымша, егер ана жақта (Сауд Арабиясында – ред.) біздің көңілімізден шығатын және президентке баяндай алатын жақсы кездесу өтетін болса, үзіліске қатысты (әскери көмектің уақытша тоқтауы – ред.) шешім қабылданады», – деді Марко Рубио.

АҚШ
Марко Рубио. Фото: ғаламтордан

АҚШ лидерлерінің көңілінен шығатын нәрсе белгілі, ол – Украинаның табиғи байлықтарын игеру жөнінде келісімшарт және соғысты тоқтату. Зеленскийдің бұған келіспеске шарасы жоқ.

Financial Times-тың жазуына қарағанда, кездесу барысында Украина Ресеймен белгілі бір деңгейде атысты тоқтату жөнінде келісімге келу жөнінде ұсыныс айтпақ. Ол – ұшқышсыз аппараттармен шабуыл жасамау, алыстан ұратын зымырандармен атқыламау және Қара теңіздегі әскери операцияларды тоқтату.

Сарапшылардың кейбірі бұл келіссөзді «асығыс әрекет» деп бағалап отыр. Алайда Зеленскийдің күтетін уақыты жоқ сондықтан да келіссөзді жеделдетуге мәжбүр. Келіссөздердің нәтижесі бүгін белгілі болады.