18 Тамыз 11:12
...

«Зеленский Қырым мен НАТО-дан бас тартса, соғыс бірден тоқтайды» – Трамп

АҚШ
Фото: ғаламтордан

Бүгін Украина президенті В.Зеленский АҚШ президенті Д.Трамппен кездесу үшін Вашингтонға барады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісіне былай деп жазды: «Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен арадағы соғысты бірден тоқтата алады немесе күресті одан әрі жалғастыра алады. Мұның бәрі қалай басталғанын еске түсірейікші. Обама (Барак) беріп жіберген Қырым (12 жыл бұрын, бір оқ шығармастан) ешқашан қайтпайды, Украина ешқашан НАТО-ға мүше болмайды. Кейбір нәрселер ешқашан өзгермейді».

Трамптың пайымдауынша, егер Зеленский Қырымнан бас тартса, және НАТО-ға кірем деген ойын доғарса – Ресеймен соғыс бірден тоқтайды. 

Сондай-ақ, АҚШ лидері бүгін Ақ үйде үлкен құрылтай өтетінін мәлімдеді. «Еуропаның осыншама лидері ешқашан бір сәтте жиналған емес. Оларды қарсы алу мен үшін үлкен мәртебе!» – деп жазды Дональд Трамп.

Естеріңізде болса, биыл ақпанда Вашингтонға барған Зеленский Трамппен келісе алмай, Ақ үйдің «артқы есігінен» шыққан еді. Бұл жолы Зеленский Трампқа жалғыз бармайды, онымен бірге Еурокомиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен, Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Фридрих Мерц, Финляндия президенті Александр Стубб, Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони, Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер, НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте бірге барады. 

Украина
В.Зеленский. Фото: ғаламтордан

Трамп бүгін қалайда Зеленскийді дегеніне көндіруге тырысады. Бірақ бәрі Трамп ойлағандай бола қояр ма екен? Өйткені Украина президентінің бұл жолғы ұстанымы мығым көрінеді. Өйткені ол территориялық тұтастыққа қатысты сауда болмайтынын бұрын да айтқан, оның үстіне Ақ үйге ақпандағыдай жалғыз бара жатқан жоқ. Ал АҚШ лидерінің құлқыны белгілі – қайткен күнде де Зеленскийді көндіріп, Нобельдің бейбітшілік сыйлығына қол жеткізу...