Зеленский АҚШ-тың әскери көмегін қарыз ретінде мойындаудан бас тартты

Украина президенті Владимир Зеленский Киев пен Вашингтон арасында пайдалы қазбалар туралы келісім шеңберінде АҚШ-тың соңғы жылдары көрсеткен көмегін қарыз ретінде мойындауға дайын емес екенін мәлімдеді. Бұл туралы «Европейська правда» басылымы хабарлады.
Алматы, NEGE. Зеленскийдің айтуынша, АҚШ тарапымен негізгі ымыралы мәселелер келісімнің негізгі құжатында белгіленген. Алайда, ақпан айының соңында Ақ үйде болған оқиғадан кейін құжатқа қол қою тоқтатылған. Сол кезде-ақ Украинаның АҚШ-тан алған көмекті қайтармайтыны анықталған болатын.
Біз бұл көмекті қарыз ретінде қабылдамаймыз. Бұны мен бұрын да айтқанмын. Бұл мен үшін түсінікті әрі нақты ұстаным. Әңгіме өткен көмектер жайлы, – деді Зеленский.
Сонымен қатар, ол Украина болашақта берілетін жаңа көмек пакеттері үшін төлем жасауға дайын болуы мүмкін екенін жоққа шығармады, егер оны Дональд Трамптың әкімшілігі ұсынатын болса.
Егер болашақта жаңа көмек, жаңа қолдау пакеттері ұсынылатын болса – онда АҚШ бұл көмекті белгілі бір шарттармен беруі мүмкін. Біз бұл команданың тегін ештеңе істемейтінін жақсы түсінеміз. Олар бұны ашық айтады, – деді ол.
Бұған дейін хабарланғандай, Трамп әкімшілігі пайдалы қазбалар туралы келісімге 2022 жылдан бері берілген бүкіл көмек – әскери, бюджеттік және гуманитарлық көмекті Украина толықтай өтеуге тиіс деген талапты қайта енгізген болатын.