12 Наурыз 08:36
...

АҚШ пен Украина келіссөзі: Зеленский соғысты 30 күнге тоқтатуға келісті, енді Путин не дейді?

Украина
Фото: Валентин Огиренко / Reuters

«Егер Ресей соғысты отыз күнге тоқтатуға келіссе, Украина бұл қадамды қабыл алуға дайын», – деді Украина президенті В.Зеленский. Ол мұны Сауд Арабиясындағы АҚШ өкілдерімен келіссөзден соң мәлімдеді.

Украина президенті Владимир Зеленский: «Украина АҚШ-тың атысты отыз күнге тоқтату ұсынысын қабылдады, енді Вашингтон Ресейді көндіру керек», – деді кешегі келіссөздерден кейінгі мәлімдемесінде. Жиддадағы келіссөз алдында Киев атысты теңіз бен әуеде тоқтатуды ұсынған еді. Бірақ, келіссөз барысында АҚШ делегациясы соғысты толық тоқтатуды талап еткен.

Жидда
Украина делегациясы. Фото: ғаламтордан

30 күн кесімді мерзім емес, уақыт екі тараптың келісімімен ұзаруы мүмкін. Вашингтон бұған жауап ретінде Киевке әскери көмек беруді және барлау ақпараттарымен бөлісуді қалпына келтіруге уәде берген.

«АҚШ бұл нақты ұсынысты енді Ресейдің өкілдерімен талқылайтын болды. Украина делегациясы бейбіт келіссөзге еуропалық серіктестер де қосылу керек екенін тағы да баса айтты», – деп мәлімдеді Украина президентінің кеңсесі. 

Киев пен Вашингтон өкілдері Украинаның пайдалы қазбалары бойынша келісім жасасуды жеделтетуге де келіскен. «Доп енді Ресейдің жағына өтті, олар да (атысты 30 күнге тоқтату ұсынысымен) келіседі деп үміттенеміз», – деді АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Сауд Арабиясындағы Украинамен келіссөзден кейін.

АҚШ президенті Дональд Трамптың қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Уолтц жақын күндері Ресей өкілдерімен келіссөз өтетінін мәлімдеді. Бұған қоса, Сауд Арабиясындағы келіссөзде Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілі де талқыланған.

Отыз күнге соғысты тоқтату туралы келісімді Еуроодақ та қолдады.  Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен АҚШ пен Украинаның Сауд Арабиясында өткен  келіссөзінен кейін Х әлеуметтік желісінде былай деп жазды: «Бұл – Украинада әділ әрі тұрақты бейбітшілік орнату жолындағы қадамға бастауы мүмкін оқиға. Енді доп Ресей жағында».

Еурокомиссия
Урсула фон дер Ляйен. Фото: ғаламтордан

Польшаның премьер-министрі Дональд Туск те келіссөз нәтижесін оң бағалады. Ол «Еуропа тұрақты бейбітшілік орнату жолында жұмыс істеуге дайын» деді. 

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер де келіссөз нәтижесін жылы қабылдап, Трамп пен Зеленскийді «ілгерілеушіліктерге қол жеткізуімен» құттықтады. Ал Франция басшысы Эммануэль Макрон сейсенбі күні Еуропа мен НАТО-ның әскери басшыларын «бейбітшілік келіссөздерінің жеделдеуіне» байланысты Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру жоспарын әзірлеуді ұсынған болатын.

Келіссөздер нәтижесі көңілінен шыққан АҚШ президенті Дональд Трамп «Зеленскийді Ақ үйде күтетінін» мәлімдеп үлгерді.