12 Қаңтар 15:18
...

Іздеуде жүрген блогер: «Кімнің ала жібін аттап қойдым?»

instagram.com/qais_arr
Фото: instagram.com/qais_arr

Қаржылық мониторинг агенттігі іздестіріп жатқан блогер Қайсар Қамза әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады.

Астана, NEGE. Блогер Instagram-ның сторис бөлімінде видео жариялап, болған жайтқа таңданысын білдірген.

«Кімнің ала жібін аттап қойдым-ей? Елдің бәрімен амандасып, тыныш жүрген сияқты едім. Дүйім жұрт болып, мемлекет болып, бүкіл жұмысты ысырып қойып іздейтіндей қылмыскер емес сияқты едім. Әбіләзов сияқты шығарып қойғандарын қарашы», – дейді блогер.

10 қаңтарда блогерге іздеу салынған. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталында жарияланған мәліметке қарағанда, іздеу шараларын Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, өткен жылдың тамызында Қаржылық мониторинг агенттігі Қайсар Қамзаның Telegram арнасы арқылы заңсыз құмар ойындарды тұрақты түрде жарнамалап, жалған жеңімпаздардың видеоларын таратқанын мәлімдеді. Агенттік мәліметіне сәйкес, ол мұндай жарнамадан түскен ақшаға сән-салтанатты өмір сүріп, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Түркияда және өзге елдердегі қымбат қонақүйлерде демалған.