15 Тамыз 08:39
...

ERG-дің ерке-тотайы. Қазтаев қазақтың көз жасына шомылып жүрген жоқ па?

Фото:

Қазақстанды майшелпекке айналдырған А.Машкевич пен оның командасы туралы кезекті бір қызық деректі «Выход к морю» телеграм-каналы жариялады. Кейіпкер – ERG-дің ерке-тотайы Алдияр Қазтаев.

Қазтаев туралы NEGE порталы «Қауіпті құдалық: Машкевич Мәсімовпен қалай туыс болып шықты?» деген зерттеу материалында індете жазған.

«Алдияр Асланұлы Қазтаев туралы дерек көп емес. Оның 1979 жылы туғаны, «Қайнар» университетін халықаралық экономикалық байланыс мамандығы бойынша бітіргені ғана белгілі.

А.Қазтаев.

2010 жылы ол ENRC-тің Қазақстандағы бизнесті дамыту бөлімінің бастығы қызметіне келген. Одан әрі «Евразийская группа» ЖШС басқарма төрағасы лауазымына өсіп, атышулы «еуразиялық үштік» – Патох Шодиев, Александр Машкевич, Алиджан Ибрагимовтың ең сенімді адамына айналады.

Қазтаев өзі мәртебелі күйеубала екен. Ол бұрынғы Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың қызын алған. Мұхамеджановтың кім екені, анығында кім болғаны белгілі. Ол аса жауапты мемлекеттік қызметтер атқарды және «еуразиялық үштікпен» тонның ішкі бауындай араласты. Осы достықты күйеубаласы бұрынғыдан де бекіте түскені анық.

Алдияр Қазтаевтың ер жеткен екі ұлы бар екен. Ашық ақпарат көздерінен білгеніміздей, олардың есімі – Әлижан мен Әміржан. Ал енді Қазтаевтың Мәсімовпен қандай байланысы бар?

Тұрақты оқырмандарымыздың айтуына қарағанда, Мәсімов кенже қызы Сараны Қазтаевтың ұлдарының біріне ұзатпақ болып, келісім жасасып та қойған...»

«Выход к морю» телеграм-каналы бір нәрсені шатыстырып алғанға ұқсайды.

«Қазақстандық БАҚ Қазтаев пен Мәсімовтің басқа да байланысы туралы жазды. Алдияр Қазтаев Кәрім Мәсімовтің кіші қызы Сара Кәріммен атастырылған-мыс. ERG-ге қатысы бар тұлғалардың 2022 жылғы тізіміне қарағанда, Алдияр тұрмыс құрған, әйелінің аты – Мадина», – деп жазды.

Коллаж: NEGE

Бұл деректің негізгі көзі – NEGE порталы. Алайда біз Мәсімовтің қызы Сараны Алдияр өзіне емес, екі ұлының біріне атастырмақ болғанын жазғанбыз. Ал Алдияр Қазтаев –  Бауыржан Мұхамеджановтың күйеубаласы.

Қош, сонымен телеграм-канал Қазтаев туралы бүй дейді: «Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі елден 440 млрд теңгені шығарып әкеткен 56 адамға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Тағы 300 млрд теңгенің транзакциясы тексеріліп жатыр. Бұл тізімде ERG басшыларының бірі Алдияр Қазтаев бар ма, жоқ па, белгісіз. Алайда біздің ойымызша, оны тексеру артық болмас еді».

Одан әрі әңгіме аса қымбат суперяхта төңірегінде өрбиді.

2017 жылы маусымда итальяндық компания Sanlorenzo Yachts тапсырыс берушіге SL96 Piccolino (қазақша «балақай» – ред.) деп аталатын суперяхтаны жеткізіп берген. Оның ұзындығы – 29 метр, ені – 7 метр. Қонақтарға арналған 4 каютасы, экипаж үшін 2 каютасы бар суперяхта сұмдық жылдам жүзеді екен. 2200 аттық күші бар екі двигателі 54 шақырым сағатына (29 узел) жүзуге мүмкіндік береді. Ең қызық тұсы – суперяхтаның бағасы. Мұндай яхтаны қолдан алған күннің өзінде құны 5,2-5,5 млн доллар тұрады.

Сол жылы Қазақстанның екі азаматы ұлыбританияда және Мальтада екі компанияны тіркейді. Британиядағысын Piccolino Tender Ltd, Мальтадағыны Piccolino Ltd. деп атайды. Британдық компания мальталық әріптесіне әлгі суперяхтаны сатып алу үшін 8 млн еуро кредит береді, бұл шамамен 4 млрд теңге. Мальталық компанияның есебінде яхтаға қызмет көрсету үшін құрылғаны жазылыпты. Бұл шаруа да арзан емес, жылына 400-900 мың еуро.

Фото: sale.ruyachts.com

Қысқасы, әлгі екі компания арқылы аса қымбат яхта Алдияр Қазтаевтың әке-шешесі – Аслан Қазтаев пен Ғалия Сарғасқаеваның атына рәсімделіпті.

Міне, телеграм-канал осындай дерек келтіріп, «Қазтаевты құзырлы органдардың тексергені артық болмас еді» деп түйіндейді.

Мемлекеттің үлесі бар ERG-дің жылы-жұмсағын кертіп жеп отырған Машкевич пен оның айналасы аса қымдат дүниелерге оның ішінде суперяхталарға құмар. Машкевичтің Lady Lara деп аталатын яхтасының құны 150 млн доллар (70 млрд теңгеден астам) екені бұған дейін айтылған.

Машкевич пен оның командасының аса қымбат дүние-мүлкінде қазақстандықтардың көз жасы бар ма? Біз де мұны тексеруге тұрарлық дерек деп есептейміз.

Тегтер: