17 Қыркүйек 12:49
...

WSJ: Қазақстан Украинадағы ДАҒДАРЫСТЫ реттеуге көмектесе алады

Фото:
The Wall Street Journal

Орталық Азия елдері президенттерінің АҚШ-қа сапары қарсаңында Қазақстанның мүмкіндіктері туралы сараптамалық мақала жариялады.

Мақала авторы – Камран БУХАРИ, the New Lines Institute for Strategy and Policy Еуразиялық қауіпсіздік және өркендеу бөлімінің аға директоры әрі Оттава университеті кәсіби даму институтының ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат бойынша жетекші маманы.   

«Байденнің Орталық Азия елдері президенттерімен алдағы кездесуі сыртқы саясат үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп есептейді сараптама авторы.

«Алдағы сейсенбіде БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы алаңындағы Саммитте АҚШ президентінің Орталық Азияның бес мемлекеті – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшыларымен алғашқы кездесуі өтеді. С5+1 форматындағы кездесу әлдеқашан пісіп жетілген және бұл халықаралық саясат үшін аса маңызды аймақтағы шешуші қадам болуы мүмкін.

БҰҰ. Фото: gov.kz

Еуразия құрлығының жүрегіне жол табу үшін АҚШ-қа стратегиялық көзқарас қажет. Тарихи тұрғыдан Ресей мен Қытайға қарағанда, АҚШ-тың әсері бұл аймаққа әлдеқайда аз болды. Мәскеу де, Пекин де түрлі қиындықтарға тап болған кезде, Вашингтон Орталық Азиямен берік байланыс орната алады.

АҚШ үшін аймақтың көшбасшысы Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық маңызды болмақ. 2021 жылы Байден өзінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі уақытша стратегиялық нұсқаулығында Орталық Азияны ескермеген еді, сондықтан бұл кездесу прогрестің нақты белгісі.

АҚШ қарсыластарымен әлі де қызу бәсекеге түсіп жатыр. Си Цзиньпин осы жылдың мамыр айында тарихи Жібек жолы бойындағы Сиань қаласында Орталық Азия елдерінің бес президентімен кездесті. Мақсаты – Орталық Азияны Бейжіңнің ықпалына одан әрі тарта түсу. 2022 жылдың қазан айында Владимир Путин Орталық Азиядағы әріптестерімен кездесу үшін Астанаға барды. Орталық Азия президенттері Мәскеу мен Бейжіңге жиі барып тұрады.

Бірақ Ресейдің алапат соғыстан әлсіреуі және Қытайдағы экономикалық құлдырау Вашингтонға Орталық Азиямен қарым-қатынасты одан әрі дамытып, ұзақ уақыт бойы оқшаулаған аймақты Батыс және халықаралық қауымдастықпен интеграциялауға мүмкіндік береді.

Ақ үй. Фото:ғаламтордан

Аймақтағы әрбір ел ішкі, саяси және экономикалық өзгерістерді бастан кешуде. Қазақстан – ірі өңірлік экономика, аса қажетті реформалар жолында көш бастап тұр. Ең бастысы, ол өзін ядролық қаруды таратпау, терроризмге қарсы күрес, қақтығыстарды шешу және халықаралық дамуды қоса алғанда, бірнеше аренада өсіп келе жатқан халықаралық ойыншы ретінде көрсетіп отыр.

Өткен күзде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Қытай, АҚШ және Еуропалық Одақты қоса алғанда, әлемдегі барлық негізгі ойыншылармен тығыз қарым-қатынасты дамытуға ұмтылатынын білдіретін көпвекторлы сыртқы саяси доктринаны қабылдады.

Ресей мен Қытайға жақын орналасқандықтан, Қазақстан Вашингтонға Украинадағы дағдарысты реттеуге және соғыстан кейінгі кезеңде Мәскеумен қарым-қатынас орнатуға, сондай-ақ Бейжіңмен бәсекелестіктің күшеюімен күресуге көмектесе алады.

Астана бұл рөлді атқаруы үшін және оған Ресей мен Қытайдың қысымына қарсы тұру үшін екі майданда АҚШ-тың көмегі қажет.

Біріншіден, суперпрезиденттік формадан күшті парламенті, жаңа саяси партиялар үшін кеңістігі және БАҚ-тың кеңейтілген еркіндігі бар президенттік республикаға ауысқан Қазақстанның саяси реформаларын Вашингтон қолдауы мүмкін. Ал Қазақстан демократия жолында Орталық Азияның басқа төрт мемлекеті үшін аймақты Мәскеу, Бейжің және Кабулдың ықпалынан қорғау үшін үлгі бола алады.

Коллаж: cronos.asia

Екіншіден, Қазақстан Орта дәліз деп аталатын Транскаспий халықаралық транзиттік дәлізі арқылы аймақ пен әлемдік экономиканы байланыстырушы болып отыр. Бұл көп арналы көлік артериясы Шығыс пен Батысты құбырлар, теміржолдар, автомобиль жолдары және талшықты-оптикалық кабельдер арқылы байланыстырады.

Дәліз Орталық Азияның экономикалық дамуына ықпал етеді және халықаралық энергетикалық басқа да сауда ағындарына үлес қосады. АҚШ инвестиция, сауда, технология және жаһандық лидерлік арқылы бұл дәлізді табысты етуге көмектесе алады.

Жалпы алғанда, Америкаға Орталық Азияға қатысты тактикалық ұстанымын жетілдіріп, Қытай мен Ресейді басып озуға бағытталған стратегияларын іске асыру қажет», – деп қорытады Камран БУХАРИ.

Тегтер: