24 Қыркүйек 16:18

Тәліптер өз елшіліктерін қай елдерде ашады?

Фото:

Тәліптер радикалды қозғалысының Ауғанстандағы билігін ресми мойындаған мемлекеттерде ғана Ауғанстанның елшілігі ашылады. Ауғанстанның уақытша үкіметінің мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Зәбиулла Мұжаһид геосаяси маңызы бар осындай мәлімдеме жасады. 

Алматы, NEGE. Ауғанстан Азиядағы ықпал ету аймағы бойынша Ауғанстанмен шекаралас елдермен шектесетін Қытай, Үндістан, Пәкістан, Ресей секілді ықпалды державалардың қақ ортасынан ойып тұрып орын тепкен мемлекет. Сауда-экономикалық дәліз ретінде де Ауғанстанның транзиттік әлеуеті жоғары. Бұған көне тарихтан белгілі Жібек жолының бойында жатуы да Ауғанстанның жаһандық аренадағы бәсін арттырады. Екіншіден, Ауғастан ең бастысы тұрақсыздық аймағы болғандықтан ондағы саяси тұрақтылығына ең алдымен осы державалар мүдделі.

Бүгінде гибридтік сипат алған қақтығыстар кезінде ұзақ мерзімді экономикалық мүддені алға шығаратын жұмсақ күш саясатына басымдық беретін Қытай ең алдымен мүдделі екенін айта кетпекпіз. Бұған бірнеше себеп бар, солардың ішіндегі ең маңыздысы – Шыңжаңдағы ұйғыр мәселесінің ауған факторымен ушығуынан сескенеді. Сондай-ақ, «Бір белдеу – бір жол» жобасының тоқырап қалмауына мүдделі. Еуропалық одақ та Ауғанстанда адам құқығына, соның ішінде әйелдердің білім алуына, еркіндігіне қол сұқпау, Сирия мен Шам жерінде ойран салған содырлармен, «әл-Каида» лаңкестерімен «ауыз жаласпау» шартымен тәліптер билігін мойындауы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.

Ал АҚШ-қа келсек, тәліптерге қатысты өзге елдерге қарағанда қатаң позиция ұстанатын болады. Ұлыбритания тәліптер билігінің ресми мойындауға әлі ерте екенін, яғни, тәліптердің қандай шешім қабылдайтына қарау керектігін алға тартып отыр. Тәліптер билігін ресми мойындау әлем елдеріне абыроай әпермейтін тірлік: террористерге дем бергенмен бірдей әрекет. Терроризм қаупін арттыратын қадам. Тәліптер де Ауғанстанның әлемнен оқшаулануға мүдделі емес. Бұл ең алдымен тәліптер билігінің өзіне қауіпті.

Тегтер: