Қырғыздар мен тәжіктер шекарада атысып жатыр

29 сәуір, 18:26
Қырғыздар мен тәжіктер шекарада атысып жатыр
Фото: tengrinews.kz

Қырғыз-Тәжік шекарасында тағы жанжал шығып, атыс болды. Төрт адам ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

Алматы, NEGE. Жанжал кеше басталған. Тәжіктер шекараға жақын маңдағы қырғыз ауылы Кок-Ташқа жақын жердегі бағаналарға бейнекамералар орнатпақ болғанда, екі тарап келіспей қалған. Екі елдің тұрғындары бір-біріне тас лақтырып, соңы атысқа ұласқан.

«29 сәуір күні таңғы сағат алты шамасында Тәжікстан азаматтары Баткен ауданындағы Кок-Таш ауылында орналасқан әскери бөлімге оқ жаудырды. Бір адам көзінен жарақат алды», – деп хабарлады Баткен облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі.

Бішкекте жүзден астам адам үкімет үйінің алдына келіп, наразылық митингісін ұйымдастырды.

Қырғызстанның мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, комитет төрағасы Қамчыбек Ташиев шетелге емделуге кеткен көрінеді.

Баткен облыстық ауруханасының бас дәрігері Азизбек Жүнісов оқиға салдарынан төрт адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілгенін мәлімдеді.

Қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай әлі ушығып тұр. Екі елдің әскерлері шекара маңын күшейтілген режимде күзетуде.