Ирандағы украин ұшағының қалай атып түсірілгені жария болды
The New York Times басылымы «Украинаның халықаралық әуе жолдары» компаниясына тиесілі болған Boeing ұшағының Иранда қалай апат болғанын егжей-тегжей баяндаған бейнежазба жариялады.
Алматы, NEGE. Бейнематериалда ұшақтың Иран америкалық әскери базаларға соққы беріп, әуе қорғанысын күшейтілген тәртіпке көшіргеннен кейін төрт сағат өткен соң Тегераннан Киевке бағыт алғаны айтылады. Ұшақ борттағы жүктің шамадан тыс болғанына байланысты шамалы кешігіп ұшқан.
Жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 6:12-де әуеге көтерілген ұшақ солтүстік-батысқа бет алады. Үш минуттың ішінде 2,4 шақырымға көтерілген ұшақ қас-қағым сәтке радардан жоғалады. Бұл кезде сағат 6:15 минутты көрсетеді. Содан кейін 30 секунд ішінде ұшаққа зымыран тиеді.
Басылым журналистері зымыранның әуежайдан бірнеше шақырым жерде орналасқан ирандық әуе қорғанысының құрылымдарынан ұшырылғанын баяндайды. Кейінірек Иранның әскери басшылығы әуе қорғанысы жүйесінің операторы жолаушылар ұшағын қанатты зымыран деп қабылдағанын мәлімдеді. The New York Times өкілдері аспанда отқа оранған ұшақ әуежайға қонуға бұрылған сәтте оған құпия әскери базаның бірінен ұшырылған келесі зымыран тиген дейді.
Әуе апатынан 176 адам қаза тапты, оның 83-і – ирандық. Тегеран ұшақты қателесіп атып түсіргенін мойындады. Иран СІМ-і АҚШ қитұрқы әрекеттерге бармағанда, бұл апат та болмас еді деп мәлімдеді.