15 Желтоқсан 17:28

«Ғасыр құрылысы»: Орыстар Түркияда АЭС салып жатыр

Фото:
«Аккую» атом электр станциясына бүкіл әлем көз тігіп отыр. Бұл

Түркияның ғасырлық құрылысы ғана емес, түрік-ресей қарым-қатынасы тарихының ірі жобасы. Инвестиция ретінде 22 млрд АҚШ доллары тартылған жоба 80 жылға пайдалануға беріліп, жылына 35 миллиард киловатт-сағат энергия өндіреді.

«Таза бұлақ»

Ең маңыздысы, мемлекет АЭС салуға ұзақ әрі батыл түрде келді. Бұл тұрғыда Қазақстан үшін де тиімді тұстары жетерлік екенін айта кеткен жөн.

Аккую – түрік тілінен аударғанда «таза бұлақ» деген мағынаны білдіреді. Бұл қазір АЭС салынып жатқан жергілікті жердің атауы. Нысан Жерорта теңізінің оңтүстік жағалауының айлағындағы Мерсин провинциясында орналасқан. Туристік орын ретінде саналмаса да, табиғаты көркем, қылқанжапырақты және басқа сан түрлі ағаш өсетін орманды алқап. Мұнда балық, мұнай, цемент, азық-түлік және тоқыма өнеркәсібі кең дамыған.

Мерсин провинциясының экономикалық әлеуетін арттыратын, сондай-ақ Түркияның басқа елдермен сауда қатынасына жан бітіретін ең ірі порт та осында. Демек, мұнда электр энергиясына деген сұраныс көп. Бұған дейін мемлекетте жеке көмірсутегі ресурстары болмаған соң газ бен мұнайдың 90 пайызынан астамын және тұтытанын энергияның 72 пайызын шетелден алуға мәжбүр. Бұл Түркияны көрші елдерге тәуелді етеді.

Жалпы, Түркия атом энергетикасы мәселесіне сонау 1970 жылдары көңіл бөле бастаған. Сол кездің өзінде мамандар болашақ АЭС-тің құрылысын Аккуюда салатынын анықтап қойған. Тіпті, Түркияның бақылау органдары 1976 жылы КСРО-ға станцияны салу жөнінде лицензия берген. Алайда, қаржылық және экологиялық түйткілдерге байланысты АЭС жобасы кейінге қалдырылды. Сөйтіп, экономикасы сәт сайын дамыған мемлекет бұл идеяға 2000 жылдардың басында қайта келді. Арнайы тендер жариялап, көптеген мемлекетпен келіссөз жүргізілді. Жобаны шамамен 44 млрд АҚШ долларына бағалағаны да белгілі. Айналып келгенде, Түркия АЭС-ті басқа мемлекеттер айтқан қаржыдан екі есе төмен сома мен тиімді шарт ұсынған Ресеймен бірлесіп салуды ұйғарды. Осылайша, 2010 жылы үкіметаралық келіссөзге қол қойылып, «Росатом» мемлекеттік корпорациясы «Аккую» АЭС-ін салу жобасына кірісті.    

АЭС 9 балл жер дүмпуіне шыдайды

Жобаның ерекшелігіне келсек, «Аккую» – әлемдік атом энергетикасы тарихындағы «сал-басқар-пайдалан» (ағылшынша – BOO, Build-Own-Operate) моделі бойынша алғаш жүзеге асқан нысан. Мұның аясында «Аккую Нуклеар» АҚ жеке жобасы құрылды. Бұл компания АЭС салу жобасы мен құрылысын бақылап, пайдалануға берілуіне дейінгі атқаратын жұмыстарды міндетіне алды. Яғни, стансаның халықаралық ереже мен стандартқа сай болуын қадағалайды.

Оны пайдалануға беру мерзімі 60+20 жыл, тағы 20 жыл станцияның тоқтауы мен утилизациясы бар. Ресей тарапы барлық міндеттемемен қоса, АЭС-тің 100 жылдан кейінгі әлеуетіне де жауап беруді өз құзырына алмақ. 

Нысан 1020 гектар жерге орналасады. Негізгі құрылыс алаңынан бөлек, реакторлы 4 энерго блок салынады. Мұнымен қоса «Восточный» деп аталатын толыққанды жеке порт ашып, ірі ауқымдағы жүктерді тасымалдайтын кемелерді қабылдайды. Ал реактор түріне келсек, ВВЭР-1200 (су-сулы энергетикалық реактор) соңғы 3+ буында шыққан және оның қуаты әлем бойынша ең қауіпсіз 1200 МВт.

 

«Бұл реактордың техникалық ерекшелігі – оның қауіпсіздігінде», – дейді АЭС директоры Сергей Буцких. «Мұнда Фукусимада кеткен қателіктерді болдырмауға мүмкіндік көп. Реакторлардың қауіпсіздігіне тектен тек екпін түсіріп тұрғаным жоқ. Бәрін тексеріп, көз жеткіздік. Әлем бойынша тиімді түрде жұмыс істеп тұр. Оның төртеуі Ресей АЭС-де, біреуі таяуда Беларусьте іске қосылды. Дәл осы ВВЭР-1200 реакторын «Росатом» Египетте салынатын АЭС құрылысына да орналастырмақшы.

Мәселен, нысан сыртқы фактор әсеріне де былқ ете қоймайды. Жер дүмпуі кезінде ең жоғары 9 балға шыдас береді десек, бұған дейін атом станциялары тек 7 балға ғана лайықталып салынған. Түркия тарапы осы жағына қатты көңіл бөлуді сұрады. Шын мәнінде, бұл сейсмика жағынан ең қауіпсіз аймақ саналады екен. Яғни, жер сілкінісі болса да, станциясы жұмысын тоқтатпайтын болады. Тіпті, жарылыс, өрт, су басу, дауыл, терактілік оқиғалар үшін де сыртқы қорғау қабаты қарастырылған. Мұнда заманауи технологияның соңғы үлгісі қолданылады», – дейді Сергей Буцких.

Сонымен, әлемдегі ең алып құрылыс алаңы бар атом электр станциясы бір мезетте 13 мыңнан астам маманды жұмыспен қамтамасыз етеді. Оның 80 пайызы – Түркия азаматы, қалған 20 пайызы – Ресей инженерлері. Құрылыс жұмысына шамамен 400 түрік компаниясы тартылды. Ал құрал-жабдық пен техника ғана Ресей және басқа шетел компанияларынан алынғанмен, құрылысқа қажетті материалдың бәрі отандық өнім.

Түркияның талабы қатаң

Түркия мемлекеті әуелден саяси, экономикалық аренада белсенді. Партия, қоғамдық ұйым саны жағынан да алда. Кез келген ортада бәсекеге қабілеттілігін анық көрсетіп жүр.

Әрине, АЭС салу мәселесін ретке келтіріп, халық тарапынан оң көзқарасқа ие болу да оңайға соқпады. Тіпті, атом станциясын салу шешімін билікке қарсы қару ретінде пайдаланатындар да көбейген. Бір қызығы, АЭС салынып жатқан Мерсин аймағы – нағыз оппозиция өкілдерінің ортасы. Алайда, олар қанша қарсылық танытса да, Түркия азаматтары атом электр станциясының қажеттілігін түсіне бастады. Себебі, әрбір тұрғын қыс мезгілінде жарықтың сөніп қалу жағдайымен бетпе-бет келіп жүргенін жасырмайды.   

Сондықтан Түркияның Ресей тарапына қоятын талабы зор. Бірінші – экологиялық қауіпсіздік. 2013 жылы экологиялық тәуелсіз ұйымдар тартылып, қоршаған ортаға тигізетін залалын зерттегені белгілі. Қоғамдық тыңдаулар бірнеше жыл қатарынан жүрді. Талап пен есепке толы бұл құжат 5,5 мың беттен тұрады. Соның бір парасы ретінде, компания құрылыс кезінде тамырымен жұлған әр ағашты қайта қалпына келтіруі тиіс екенін айта кеткен жөн.  

Сондай-ақ, қазір АЭС салу мен басқаруда ресейлік мамандардың бәсі жоғары. Осы тұрғыда станцияның «Росатом» жетекшілігімен жұмыс істейтінін ескерген Түркия мамандарын Ресей жоғары оқу орындарында оқытып жатыр. Қазірдің өзінде «Аккую Нуклеар» АҚ қызметкері болып саналатын 186 түрік азаматы білім алды.

Бүгінде бұл жобаға 10 инспекция жұмысын жүргізген МАГАТЭ мамандары  оң бағасын берді. Компания станцияны іске қосқанға дейін 120 рұқсат пен лицензия алуы тиіс.

АЭС-тің тиімділігі неде?

Әлгінде айтқандай, атом станциясын салуға 22 млрд АҚШ доллары көзделген. Ал станция іске қосылып, жұмыс істеп тұрса, мемлекеттің ЖІӨ 50 млрд долларға толығады.  Мұнымен қоса, АЭС барысында жаңа 6 негізгі энергия желісі мен 1300 шақырымға жететін қосымша бір желі тартылмақ.

Екі елдің үкіметаралық келіссөзіне сәйкес, Түркия АЭС іске қосылған 15 жылда «Аккую Нуклеар» АҚ-дан 1 және 2-блок бойынша 70 пайыз, 3 және 4-блок бойынша 30 пайыз электр энергиясын сатып алуға кепілдік берді. Ал 5,9 млрд доллар жобаны локализациялау жұмысына жұмсалмақ. Қазір оның 2,5 млрд доллары тікелей келісімшартқа бағытталып отыр.

Әрине, атом станциясын салудың тиімді тұстарын көрсеткіштермен жалғастыра беруге болады. Алайда, қоршаған ортаға зиянын тигізбей, адамзат баласының денсаулығына қауіп төндірмейтін жобаны қай мемлекет те қолдайтыны анық. Себебі, дамыған едердің қатарына кіретін Қытайдың өзі жақын арада көмір станциясын атом реакторларымен ауыстыруға мүдделі екенін байқатты.

Яғни, «мен мықтымын» деген мемлекеттің бәрі өзінің бейбіт атомын дамытуға мүмкіндігі жоқ. Ол үшін елдің ғылыми, техникалық және қаржылай әлеуеті жоғары болуы керек. Осы жағынан алғанда Түркияның бағы жанып тұрған сияқты. АЭС-ті іске қосып, 100 жылдығын атап өтуге дайындалып жатқан мемлекет бар жағынан озық тұр.

Асқар Жалдинов, «Время» газеті. Нұр-Сұлтан – Қазақстан – Мерсин – Түркия.    

Тегтер: