29 Сәуір 16:53

Француздар аң-таң: «Бораттар қалай Covid-ке қарсы вакцина шығарып жүр?»

Фото:

Францияның беделді басылымдарының бірі – Le Monde. Оның қырағы көзіне бұл жолы QazVac вакцинасы ілікті. Автор Бенуа Виткиннің пікірінше, бұл – ұлттың абыройын асқақтатын жағдай.

«Апта басында вакцина кең ауқымда салтанатты түрде шығарыла бастады. Әлемнің басқа түкпірлерінде бұл туралы ештеңе білмесе де, осы бір Орталық Азиядағы ел Covid-ке қарсы вакцина шығаратын ат төбеліндей мемлекеттердің қатарына кіріп отыр», – деп жазады ол.

Басылымның жазуынша, қазір вакцина салдырудың ұлттық науқаны жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін тек қана ресейлік «Спутник V» вакцинасы қолданылып келген. Қазақстан оны Мәскеумен арадағы келісім бойынша өз жерінде шығарып отыр. Дүйсенбіде QazVac-тың 50 мың дана алғашқы шығарылымы өңірлерге таратылды.

«Әзірге там-тұм ғана: Қазақстанның өндіріс қуаты шектеулі. Қолда бары «Спутник V» өндірісіне, экспортқа шығаруға жұмылдырылған. Бүгінгі күні Түркиямен серіктестік жасап, зауыт салу жобасы қарастырылып жатыр», – деп жазады Le Monde.

Дейтұрғанмен, еуропалық басылым вакцинаға қатысты күдік-күмәнін де жасырмапты. Басылымның пікірінше, «Спутник V» секілді QazVac-та өте апыл-ғұпыл шығарылып жатыр.

«Вакцина әлі клиникалық сынақ-тәжірибелердің үшінші фазасында тұр. Бұған қарамастан, жаппай вакцина басталып кетті. Халықаралық бәсекелестерімен салыстырғанда, үшінші фазада еріктілердің саны тым аз. 3000 адамға да жетпейді. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңестерінде соңғы орындарында тұр», – деп түйіндейді автор.

Бірақ жақсы жақтарын да жасырмаған. Қазақстандық вакцинаның пайда болу тарихын тәптіштеп баяндап берген.

«Биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми зерттеу институтының (ағылшынның RIBSP қысқарған сөзімен әлемде кең тараған) тағы бір артықшылығы бар. Шала-жансар бүтін вирусты пайдалану басқа вакциналарға қарағанда жеңілдеу», – дейді француз басылымы.

Le Monde дерегінше, Қазақстанның бұл жетістігі Кеңес одағынан мұраға қалған ескі дәстүрге негізделген. Forbes журналының зерттеуінше, вакцина шығарған институт тарихы көп нәрседен хабар береді.

Ғылыми орталықтың іргетасы 1953 жылы қаланған. Алматы қаласынан 100 шақырым жерде орналасқан. КСРО-ның ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты деп бүркемеленгенімен, биологиялық қаруларды зерттеумен айналысқан. Бұл зерттеулер дұшпан мемлекеттердің малдары мен егістіктерін құртатын қару жасауға бағытталған. Кеңестік Қазақстанда таралған оба ауруының эпидемиясынан кейін 1963 жылы саласын кеңейтіп, «қорғанысты» көздейтін зерттеулермен де айналыса бастаған.

«Тәуелсіздік алған соң қаржыландыру толық тоқтады. Күш жинауға біраз уақыт кетті. Қазақстан мұнай қоры өте көп, бай мемлекет болғанына қарамастан, ғылымды қаржыландыруда зор қиындыққа ұшырап отыр. Соның кесірінен, RIBSP жұмыстары көбіне қолөнерді еске түсіреді», – деп жазады француз журналисі.

Басылымға сүйенсек, ғалымдардың жалақысы мардымсыз. Бар-жоғы айына 1 500 доллар алады. QazVac бойынша жұмыс жасап жатқанда, институт зертханалармен жапсарлас жатқан үй-жайларды қайтарып алуды көздеген Қорғаныс министрлігімен арпалысқа түскен көрінеді.

Тегтер: