7 Ақпан 10:41

Джо Байден Путинге: Мен саған Трамп емеспін!

Фото:

Джо Байден АҚШ-тың жақын болашақтағы сыртқы саясатының бедерін жария етті. Жалпы мазмұны мынаған саяды: «АҚШ-тың әлемдегі көшбасшы ел екеніне ешқандай күмән болмауы тиіс. Біздің басты қарсыласымыз – Қытай. Бірақ Ресейді де орнына қоямыз».

Жалпы, АҚШ-тың қазіргі беталысына қарағанда, Путин режиміне тықыр таянған секілді.

Джо Байденнің пікірінше, Американың көшбасшылығы жаңа мәселелерге жауап бере алуы керек.

«Авторитаризм күшейіп барады. Бұған Қытайда артып бара жатқан амбиция мен біздің демократиямызға нұқсан келтіруге ұмтылған Ресейдің әрекетін қосыңыз. Бізге пандемиядан бастап, климаттың өзгеруі және ядролық қаруды таратуға дейінгі жаңа дағдарыстарға нақты жауап керек. Бұл дағдарыстар тек қана ұлттардың өзара ықпалдастығымен шешіледі», – деп, ол АҚШ әкімшілігінің сыртқы саясаттағы басымдық берілген бағыттарын көрсетті.

Ақ үйдің жаңа қожайыны өзінің Трамп емес екенін, Путинмен басқаша сөйлесетінін ашық айтты.

 «Мен президент Путинге Ресейдің агрессивті әрекеттеріне, сайлауға араласуына, кибер шабуылдарға, өз азаматтарын улауға АҚШ-тың көз жұма қарап келген уақыты аяқталғанын нақты ұғындырдым. Сөз саптауым да (Трамптан – ред.) мүлде басқаша болды. Біз құндылықтарымыз бен халқымызды қорғай отырып, Ресейге қысымды арттыруға ұялмайтын боламыз», – деді Байден.

Фото: АР

Десе де, Байден Қытайды «ең үлкен қарсылас» деп атап отыр. АҚШ «Қытайдың экономикалық зиянкестігіне, адам құқығын, зияткерлік меншік құқығын, ғаламдық басқару жүйесін аяққа таптауына» тойтарыс беруі тиіс.

АҚШ президентінің сөздері америка қоғамының үнімен сәйкес келіп отырған жайы бар.  Мәселен, мұның алдында жарияланған The New York Times газетінің шолушысы Томас Л.Фридманның «Путин АҚШ-тың тамұқтан шыққан бұрынғы жігіті боп алды» атты қатқыл әрі мысқылды мақаласы – осының айғағы. Онда да «Ресей бізге мүлде қарсылас емес» деген ой жатыр.

«Владимир Путин АҚШ-тың тамұқтан шыққан бұрынғы жігіті боп алды. Бұрын Ресей Кеңес одағының (халқы Путин басқарып отырған елдің халқынан екі есе көп болатын) діңгегі ретінде біз үшін өте маңызды еді. Бұл ел  Еуропаны түгел басып алып, бүкіл әлемге коммунизм орнатамын деп қауіп төндіретін. Бұл қырғи қабақ соғыстың кезі еді. Бұл – өткен заман. Қазір біздің ғаламдық қарсыласымыз – Қытай», – деп жазады автор.

Томас Л. Фридманның пікірінше, Путин қазір америкалықтар үшін мүлде маңызды емес. Өйткені, ол «бар болғаны Мәскеулік мафияның басшысы ғана».

«Халық назарын жемқорлықтан бұрып, билігін сақтап қалу үшін Путин өзін Ресейдің ұлы қорғаны деп көрсетіп отыр. «Батыстың құдайсыз тұрғындарынан православтық христиан мәдениетін» сақтаушысы дегендей. Ресейліктердің алдында өзінің маңызын арттыру үшін ғана біздің соңымызға түсіп жүр. Сайлауымызға араласады. Компанияларымызға кибер шабуыл жасайды. Сосын істегенін мойындамайды. Көп американдықтардың «Дональд Трампты президент тағына отырғызған – сол» дегеніне массаттанады», – дейді автор.

Басылымның берген бағасына сүйенсек, Путин – Ресей күшті мемлекеттің басшысы да емес, жай ғана супертролл.

«Болмайды дегенді түсінбейтін бұрынғы жігіт секілді. «Влад, сен маған ұнамайсың, біз басқамен, мәселен, Қытаймен кездесіп жүрміз», – деп мысқылдайды The New York Times газетінің шолушысы.

Фото: US Departament of State

Ресей жөніндегі америкалық сарапшы Леон Арон: «Біз Қырымдағыдай әрекеттерге дайын болуымыз керек. Этникалық орыстар тұратын шекаралық аймақтарды басып алуы мүмкін. Мәселен, Эстония мен Латвия жерлерін. Сондағы мақсаты – ресейлік патриотизмді күшейтіп, НАТО-ны «қағаздан жасалған жолбарыс» ретінде көрсету», – деген пікір айтқан.

Автор Дональд Трампты 2020 жылы Германиядан 12 мың әскерін әкетуге шығарған шешімінен бас тартуға шақырған-ды.

Расында да, енді АҚШ-тың жаңа әкімшілігі одан бүгін бас тартып отыр. Бұл туралы АҚШ-тың Қарулы күштерінің Еуропадағы Бас қолбасшысы Тод Уолтерс мәлімдеген. Ресей қанша жерден туласа да, бұл әскер енді Польшаға немесе Балтық жағалауы елдеріне орналастырылуы әбден мүмкін.

Тегтер: