Борат тағы да Қазақстанның атын шығарды

01 наурыз, 13:29
Борат тағы да Қазақстанның атын шығарды
Фото: ғаламтордан

Саша Барон Коэн Қазақстанның атын әлемге «мәшһүр» етуге серт берген секілді. Мақсатына жеткен де сияқты.

Мәселен, АҚШ-та кино және телевизия саласындағы еңбегі үшін «Алтын глобус» сыйлығын тапсырудың 78-салтанатты шарасы болып жатыр. Шара екі қалада бейнебайланыс арқылы өту үстінде. Бірі – Нью-Йоркте, бірі – Беверли-Хиллзде.

Ең қызығы сол, үздік фильмдердің ішінде «Борат-2» көш бастап тұр. Ол комедия немесе мюзикл жанрындағы үздік фильм аталған. Содан кейін «Көшпенділер жері», «Жан» және «Минари» фильмдері жайғасқан. Үздік сериалдар – «Тәж», «Шиттс-Крик» және «Патшайымның жүрісі».

Айта кету керек, «қара пиар да – пиар» деген осы шығар. Соның арқасында қазір әлемде Қазақстан туралы білмейтін ел сирек. «Борат-2» фильмінің жарнамасы әлемнің басты шаһарларын даңғаза етті. Қазақтың туы барлық жерде желбіреді. Біз осындай сайқымазақтың арқасында атымыздың шыққанын қаламаған едік. Десе де, біз қаласақ та, қаламасақ та, жағдай осындай болып отыр.

Алтын глобус

Мұның да бір жақсы жері бар екен, Қазақстанның жетістіктері туралы жазған әлемдік БАҚ-тар соңғы кездері еліміз бен Бораттың образы мүлде қабыспайтынын айтып, ақпарат бере бастады. Бұған дейін «Қазақстан» десе, шетелдіктердің: «Ааа, Борат», – деп күлгеніне, шамданбаған адам жоқ шығар елімізде.

Бір түсініксіз жайт, Борат Қазақстанның атағын шығарып жүр ме, әлде Қазақстан Бораттың атағын шығарып жүр ме? Осы жағы көмескі күйінде қалып отыр.  Мультфильмдер мен балаларға арналған фильмдерден аса алмай жүрген Саша Барон Коэн «Борат» арқылы әлемдік танымалдылыққа ие болды, әйтеуір.

#борат #қазақстан #золотойглобус