25 Ақпан 17:43

АҚШ: Қытайды әлсірету үшін алдымен Си Цзиньпиннің өзін басты нысанаға алу қажет

Фото:

Америкалық сараптама орталығы The Atlantic Council «Стратегиялық құжаттары» айдарына жаңа баяндама жариялады. Баяндаманың аты «Қытайдың күшеюіне қарсы тұру үшін АҚШ Си Цзиньпинге баса назар аудару керек» деп аталады.

АҚШ сарапшыларының пікірінше, Қытайдың коммунистік партиясының төрағасы «АҚШ-тың үстемдігі үшін қиындық тудырып қана қоймай, демократиялық әлемге ірі қатер төндіретін» көрінеді. Демек, америкалық сарапшылардың пікірінше, Қытайды әлсірету үшін Си Цзиньпинді жақсылап нысанаға алу қажет.

Бұл құжатта «Қытай – АҚШ-тың келесі ғаламдық қарсыласы» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Оған қарсы күресуге АҚШ-тың «жаңа батыл әрі амбициялық стартегиясының» жалпы бедері егжей-тегжейлі суреттелген.

Айта кететін жайт, баяндама авторының кім екені көрсетілмеген. Десе де, автор «ХХІ ғасырда Американың алдында тұрған жалғыз маңызды мәселе – Бас төраға Си Цзиньпин тұсындағы авторитарлық Қытайдың күш алуы» деп көрсеткен.

Сонымен, Қытай жөніндегі АҚШ-тың стратегиялық миссиясы мынаны көздейді: Қытай 2013 жылға дейінгі жолына қайтуы тиіс. Дүниені қалауы бойынша қайта бөліске салмай, қазіргі халықаралық тәртіпке бағынып, қайта қосылуы керек. Бұл сөздің астарында «Қытай АҚШ-тың әлемдік үстемдігін мойындап, әр қадамын аңдап бассын» деген зіл жатыр. 

Коллаж ашық ақпарат көзінен 

Сарапшылардың айтуынша, бұл баяндама «Ұзын телеграмма» сарынында жасалған. «Ұзын телеграмма» дегеніміз – 1946 жылы АҚШ-тың КСРО-дағы елшісінің кеңесшісі Джордж Кеннанның Вашингтонға жіберген құжаты. Онда алдағы онжылдықтарда Кеңес одағына қатысты АҚШ ұстанған саясаттың негізі айқындалған болатын. Кеннан кейін «қырғи қабақ соғыстың сәулетшісі» деп аталып кеткен-ді.

Қытайдың күшеюіне қарсы тұруға АҚШ-тың қауқары жете ме? Ғаламдық ұлы күресте АҚШ неге арқа сүйеуі тиіс? Құжатта бұл жағы да терең зерттелген. Автордың пікірінше, Вашингтон алдымен Америка қуатының төрт діңгегіне сүйенуі тиіс.

Олар – қарулы күштерінің қуаты, ғаламдық резервтік валюта ретіндегі АҚШ долларының мәртебесі, халықаралық қаржы жүйесі, ғаламдық технологиялық көшбасшылық.

«Саяси кикілжіңдерге және қиындықтарға қарамастан, технология, жеке бостандық құндылықтары, әділдік және заңның үстемдігі АҚШ-тың мемлекеттік қуатының негізгі болып отыр», – деп жазылған баяндамада.

Әрине, халқы бір жарым миллиардтан асатын алып Қытайды жеңу үшін АҚШ-қа мықты одақтастар керек. Сондықтан «Вашингтонның стратегиясы негізгі одақтастарымен толық үйлесімді болуы тиіс». АҚШ одақтастарының саяси және экономикалық қажеттілігінің жіті ескерілуі керек екені басты назарда.

Құжатта Ресей туралы да сөз қозғалған. АҚШ альянстарды тиімді басқаруы да маңызға ие. Ресей мен Қытайдың тым жақындасуы түбінде жақсылыққа апармайтынын ескертеді. «Алдағы он жылдықтарда Ресейге Қытайдың қолтығына кіруге мүмкіндік беру – геостратегиялық үлкен қателік», – деп түйіндейді.

Карикатура ашық ақпарат көзінен 

«Бір қазанға екі қошқардың басы сыймайды» деген көне сөзді бұл құжат растап беріп тұрғандай. Бейжің АҚШ-пен ашық айқасқа шығуға әзірше мүдделі емес. Трамп кезінде бүлінген қарым-қатынасын түзеп, Байден үкіметімен ымыраға келуге үміттенген.

Десе де, әлемдік үстемдікті көздеп отырған екі елдің мүдде қайшылығы бұған мүлде жол бермесін Бейжіңнің де, Вашингтонның да жақсы ұғатыны анық.

Тегтер: