Әбілқасымованың жаңа креслосы: Сарапшылар не дейді?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі Агенттіктің (ҚНРБА) басшысы болып Мәдина Әбілқасымова тағайындалды. Бұған дейін ол Ұлттық Банк төрағасының орынбасары қызметін атқарған болатын. Nege.kz сұрау салған экономистердің көбісі бұл тағайындауға түсініктеме беруден бас тартты.
Сарапшылардың басым бөлігі жаңа тағайындауды салқын қарсы алғандықтан, пікір қосудан қалыс қалды. Financial Freedom қоғамдық ұйымының басшысы, қаржыгер Расул Рысмамбетов Мәдина Әбілқасымованы қаржы секторына құйылған «жаңа қан» деп бағалады.
- Мадина Ерасылқызы – қазір қалыптасып қалған қаржы жүйесінен тыс адам. Сондықтан оның барлық ойыншылармен байланысы аздау және оның тағайындалуы саяси транзит кезеңінің аясына кіреді. Қазір бастысы жұмыстың қалай жүретінін бақылау керек. Себебі билік Әбілқасымованы талай рет қиын жағдайда қалдырған. Оның алдында қызметтерді бірнеше апта ғана істетіп, алып тастап отырған кездер де болды, - дейді Расул Рысмамбетов.
Рысмамбетовтың айтуынша, ҚНРБА жұмысының алғашқы нәтижелерін келесі жылдың бірінші тоқсанынан кейін байқауға болады. Жаңа агенттік өз жұмысын 2020 жылдан бастайтыны белгілі.
Оқи отырыңыздар: Қаржы нарығын бақылайтын жаңа агенттіктің төрағасы кім болады?
29 қарашада Ұлттық банк қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау жұмыстарынан «құтылатынын», бұл өкілеттілік жаңа жылдан бастап құрылатын жаңа агентікке берілетінін мәлімдеген болатын. Агенттікке берілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесі 34 пункттен тұрады және онымен мына жерде толығырақ таныса аласыздар.
Желтоқсанның басында Nege.kz сұрағына жауап берген сарапшылар, агенттікке басшы болып келу мүмкіндігі ең жоғары қаржыгерлер арасынан Данияр Әкішевті атаған болатын. Бірақ, Данияр Талғатұлы Президенттің көмекшісі қызметінде қалды. Сонымен бірге, сарапшылар болжаған үміткерлер тізімінде Елена Бахмутова, Үміт Шаяхметова, Болат Жәмішев сынды қаржыгерлер де болған. Ол болжамның ешбірі орындалмады.
Агенттіктің өзін су жаңа деуге келмейді. 2004-2011 жылдар аралығында ол Қаржы нарығын бақылау агенттігі деген атпен жұмыс істеді. Тек 8 жыл бұрын Елбасының жарлығымен Агенттік Ұлттық банкке қосылып, дербес орган ретінде өз жұмысын тоқтатқан болатын.
#әбілқасымова #абылкасымова