Вячеслав Ким Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмен атанды
Қазақстандағы ең ықпалды елу бизнесменнің тізімі жарияланды. Forbes Kazakhstan түзген тізімге биыл төрт жаңа есім қосылған – Шахмұрат Мүтәліп, Нұрлан Артықбаев, Құдрәт Шәмиев және Алмаз Әлсенов.
Астана, NEGE. Ең ықпалды бизнесмендер тізімінде бірінші орында 57 жастағы Вячеслав Ким тұр. Ол 2023 жылғы тізімде де көш бастаған еді.
Ал 68 жастағы Болат Өтемұратов ықпалы жағынан екінші орынға жайғасты. Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер үштігін 60 жастағы Тимур Құлыбаев түйіндеген.
Сонымен қатар алғашқы ондықта Нұрлан Смағұлов, Шахмұрат Мүтәліп, Тимур Турлов, Нұрлан Артықбаев, Андрей Лаврентьев, Айдын Рахымбаев және Владимир Кимнің есімдері аталады.
Тізімге есімі жаңа енген Integra Construction KZ компаниясының бенефициарлық меншік иесі, 36 жастағы Шахмұрат Мүтәліп пен Astana Group компаниясының негізін қалаушы, 51 жастағы Нұрлан Артықбаев ықпалы жағынан бірден ондыққа өтіп, бесінші және жетінші орындарды иеленген.
Ықпалды бизнесмендер арасында әйелдерден әзірге Lancaster Group акционері, 51 жастағы Гаухар Қаппарова ғана аталған. Оның өзінде Қаппарова биыл өткен жылғы отыз сегізінші орыннан қырық жетінші орынға ығысқан.