4 Наурыз 18:10
...

ВТБ-ның шаруасы бітті. 390 миллиард теңге депозит үшін НЕГЕ алаңдай бастадық?

Фото:

Әлемнің ауыр санкциялары Ресейдің банк жүйесін толығымен жойып жіберді. Дәл осы кезде, қазақстандықтар 390 миллиард теңге депозит ұстап отырған Банк ВТБ (Қазақстанның) қаржылық жағдайы ұдайы назарда болуы тиіс.

Тіпті азаматтар салымын Депозиттерге кепілдік беру қоры қайтарып береді деген күннің өзінде де, Банк ВТБ проблемалары қордың, тікелей айтқанда мемлекеттің қаржылық жағдайын нашарлатуы мүмкін. Әрі ресейлік банктің еншілес ұйымында есеп-шот ұстап отырған отандық бизнес те сөзсіз зардап шегетін болады.

Бүгін ВТБ шұғыл жағдайда Қазақстандағы өзінің еншілес банкіне қажетті қолдау көрсетіп, қосымша қаржыландыру беретінін мәлімеді. Соған қарағанда, ликвид бойынша қиындықтар туындағаны байқалады. Қазақстандағы Банк ВТБ 2020 жылды 5 миллиард теңге таза пайдамен аяқтаған болатын. Әрине, бұл үлкен көрсеткіш емес, бірақ банк тұрақтылығына қатысты еш күмән тудырмайтын нәтиже еді.

"ВТБ Банк (Қазақстан)" АҚ 2020 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young

2021 жылдың аудиттелген есебі әлі шыққан жоқ. Алайда, төртінші тоқсанның қортындысы бойынша ВТБ Банк (Қазақстан) жариялаған аралық есепке сәйкес былтыр банк 10 миллиард теңге таза кіріс көрді. Активтері 503 миллиард теңге, міндеттемелері 467 миллиард теңге, ал капиталы 36 миллиард теңге көрсеткен.

"ВТБ Банк (Қазақстан)" АҚ 2021 жылдың 4 тоқсаны бойынша бухгалтерлік балансы

Банк ВТБ (Қазақстан) банкроттығы елдің қаржы жүйесіне қалай әсер етпек? Бұл ретте банктің жүйе құраушы қаржы ұйымына жатпайтындығын, және активтер көлемі бойынша небары 14-шы орында тұрғандығын ескеруіміз керек. Банк жоғалып кетсе де, оны отандық қаржы жүйесі сезбейтін болады.

Тек банкте салым ұстап отырған азаматтардың қаржылық қауіпсіздігі өте маңызды. ВТБ-дан жеке және заңды тұлғалар жаппай өз салымдарын шеше бастаса, оған мүмкіндік беретін жеткілікті кэш дайын тұруы тиіс. Ресейлік ВТБ-ның Қазақстандағы еншілес ұйымына жедел түрде қаржы құюының басты себебі де осында.

Тегтер: