«ВНЖ-мен мәселесі болған»:Украиналық комик Сабуров туралы пікір білдірді
Украиналық әзілкеш, «Что было дальше?» (ЧБД) шоуының бұрынғы жүргізушісі Сергей Детков журналист Юрий Дудьқа берген сұхбатында қазақстандық комик Нұрлан Сабуровтың Ресейдегі жағдайына қатысты пікір білдірді.
Астана, NEGE. Оның айтуынша, Сабуров танымал болғандықтан белгілі бір қысымға тап болған, сондай-ақ Ресейде ықтиярхат алу мәселесінде қиындықтары болған.
Детковтың айтуынша, 2022 жылдың көктемінде Сабуров АҚШ-та тур жариялаған кезде Лос-Анджелестегі таныстарының бірі одан қазақстандық комик туралы пікір сұраған.
«Менен: “Нұрлан дұрыс адам ба, жоқ па? Сенің пікірің маңызды”, – деп сұрады. Мен: “Ол туралы жаман ештеңе айта алмаймын, оған жамандық тілемеймін”, – дедім. Бірақ кейін болған жағдайдан соң (Сахнада тұрғанда көрермендері одан Украина мен Ресей арасындағы соғысқа байланысты өз ойын айтуды сұрады. Ол нақты жауап бермегеннен кейін, қатты сынға ұшыраған), шынымды айтсам, бұл турды өткізбей-ақ қою керек еді деп ойладым», – деді Детков.
Кейін екі комик бұл тақырыпты өзара талқылаған. Детков Сабуровтың белгілі бір қысымға тап болғанын бұрыннан білгенін айтады.
«Мәскеуде адамның тұлғасы біртіндеп бұзылады. Бір кезде сенен белгілі бір мәселеге қатысты позицияңды анықтап, сол сұрақты “жабу” талап етіледі. Нұрланның проблемалары болғанын білдім. Оның медиаға танымалдығына байланысты оған белгілі бір қысым жасалғанынан да хабардар едім», – деді ол.
Детков Сабуровтың Ресейде ықтиярхат (ВНЖ) алу мәселесінде де қиындықтары болғанын айтты. Оның болжамынша, Сабуровтың Ресей жағында Украинаға қарсы соғысып жүрген «Вагнер легионы Истра» деп аталатын құрылымға 10 эндуро мотоциклін беруі осы мәселемен байланысты болуы мүмкін.
«Оның ВНЖ-мен мәселесі болған сияқты. Бәлкім, біреу оған: “Мәселені былай шешейік”, – деген шығар», – деді Детков.
Детков Сабуровты Ресейге кіргізбегені туралы алғаш естіген кезде оның билік тарапынан жасалған қысымға көнбегеніне қуанғанын да жеткізді.
«Алдымен оны елден шығарды дегенді естігенде: “Нұрлан көнбепті ғой, жарайсың”, – деп ойладым. Соңына дейін қандай да бір ынтымақтастыққа келіспеген шығар дедім. Оның қысымға қарамастан, көнбегеніне қуандым. Бірақ арада екі күн өткен соң болған жағдайды (мотоциклдерді бергенін) көрдім... Осымен бәрі қалай аяқталғаны белгілі болды», – деді ол.
Биыл ақпанда Нұрлан Сабуровтың Ресейге кіруіне 50 жылға тыйым салынғаны хабарланған. БАҚ мәліметінше, шешім «ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін» қабылданған. Сабуров Дубайдан Мәскеудегі Внуково әуежайына ұшып келген. Төлқұжат бақылауынан кейін оны бөлек бөлмеге апарып, Ресейге кіруге тыйым салынғаны туралы ресми құжат көрсетілгені жазылды.