Қазақстандықтар АҚШ-қа кетуге НЕГЕ құмар? – Визаға қол жеткізудің қызығы мен шыжығы

Статистикаға сәйкес, жыл сайын 45 мың қазақстандық АҚШ-қа барады екен. Олардың кей бөлігі Work and travel бағдарламасы бойынша жұмыспен барса, біраз бөлігі саяхаттап барады. Білім алып, ғылым игергісі келетіндер де жоқ емес.
Қазақстандықтардың көп бөлігі НЕГЕ мұхит асқысы келеді? Визаның түрлері қандай? Оны алудың нендей жолдары бар? Тілшіміз виза рәсімдеуге көмектесетін маман Жұпархан Тұрсынқызымен әңгімелесті.
– Туризм саласы бойынша маманданғаныма 44 жыл, ал визамен айналысып жүргеніме 17 жыл болды. Негізгі міндетім – виза алғысы келетін азаматтардың жұмысын жеңілдету.
Виза алудың әңгімесі көп. Ең алдымен үміткер визаның қандай түрі керек екенін нақты білуі керек. Содан кейін ғана тиісті түсініктеме беремін, қандай құжаттар керек екенін түсіндіремін. Одан кейінгі қадам – анкета толтыру, елшілікке баратын күнді анықтау, – дейді Ж.Тұрсынқызы.

– Көпшілік АҚШ беретін визаның түрлерін біле бермейді. Оның қандай түрлері бар?
– Визаның түрлері көп. Айталық, «А» – шетел үкіметтерінің дипломаттары мен шенеуніктеріне арналған виза, «В» – туристерге, іскер саяхатшыларға берілетін виза. Іскерлік мақсаттар үшін B1, ал туристік сапарлар немесе медициналық көмек алу үшін B2 визасы беріледі. Мерзімі – 1 жылдан 10 жылға дейін.
Сондай-ақ, «С» транзиттік виза (кеме немесе әуе кемесінің экипаж мүшелері үшін) деп аталады. Егер кеме АҚШ немесе оның әуе кеңістігі арқылы транзит арқылы өтетін болса, әуе және теңіз кемелерінің экипажы иммиграциялық емес «C-1/D» аралас визаларын алады. Егер экипаж мүшесі АҚШ-қа саяхат немесе рейстер арасында кіруі керек болса, ол «B-1/B-2» визасын алады. «D» (круиздік) кеменің немесе әуе кемесінің экипаж мүшелеріне арналса, «E» АҚШ-пен екіжақты сауда келісімдері бар елдермен келісімшарт жасасқан инвесторлар мен трейдерлерге беріледі.
Бұдан бөлек, «F» – университет, консерватория, лицей оқушылары мен студенттеріне, тіл курстарына қатысушыларға арналған виза. Мерзімі оқу ұзақтығына байланысты, 2 жылдан 4 жылға дейін. Ал «F-1» визасы оқуды аяқтағаннан кейін 12 айға дейін тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.
«G» – халықаралық ұйымдардың (мысалы, БҰҰ) мүшелеріне, шетел үкіметтерінің шенеуніктеріне арналған, «H» – уақытша жұмысшыларға арналған виза. Ең көп таралған жұмыс визасы – «H1B», ол шетелдік азаматтың Құрама штаттарда мамандығы бойынша жұмыс істегісі жоғары білімі бар адамға беріледі. «І» – журналистер мен БАҚ өкілдеріне арналған виза, бұл 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. «J» – алмасу бағдарламасына қатысушылар үшін (оқушылар, студенттер, тағылымгерлер және т. б.), «K» АҚШ азаматтарының қалыңдықтары немесе жұбайларына беріледі. Ал «L» – компания ішінде ауыстырылған қызметкерлер үшін (басшылар, менеджерлер, жұмысшылар). «L-1» тек басшылық лауазымдарды атқаратын немесе өз саласында арнайы білімі бар мамандарына арналған.

Бұдан әрі «М» – академиялық емес оқу бағдарламаларының тағылымгерлеріне/студенттеріне (кәсіби дайындық), «N» – жасыл картаның кейбір иелерінің ата-аналары мен балаларына, «O» – ерекше қабілеті немесе жетістіктері бар адамдарға (спортшылар, суретшілер, ғалымдар, кәсіпкерлер және т. б.), «P» – топта өнер көрсететін ерекше қабілеті бар адамдарға (оркестр мүшелері, цирк әртістері, спортшылар), «Q» – мәдени алмасу бағдарламаларына қатысушыларға, «R» – мойындалған діни қауымдастықтың діни қайраткерлеріне, «S» – ұйымдар немесе компаниялардағы қылмыстық әрекет туралы белгілі бір білімі бар адамдарға (куәгерлерге), «Т» – адам саудасының құрбандарына, «U» – психикалық немесе физикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраған қылмыстардың құрбандарына, ал «V» – жасыл карта иелерінің жұбайлары мен балаларына берілетін виза.
– Кейбір жағдайда АҚШ консулдығы виза беруден бас тартып жатады. Мұның себебі неде?
– Егер барлық құжаттар дұрыс болып, үміткердің діттеген мақсаты айқын болса, елшілік виза беруден бекерден-бекер бас тартпайды. Визалық офицерлер өз қызметіне кіріспес бұрын, арнайы психологиялық дайындықтан өтеді. Сондықтан, олар шындығын жасырып, жалған әңгіме айтып, АҚШ-та қалып қойғысы келетін жандарды бірден сезеді. Егер үміткер офицерлердің алдында өзін сенімсіз ұстаса, әрине, оның визасы қабылданбайды.
Виза алуға интервьюге барарда киміңіз бірден көзге түсетіндей болмағаны дұрыс. Бастан-аяқ спорттық киім немесе ұзын көйлек, әсіре патриоттық үлгідегі киімдерді кимеген жөн. «Қараңыздар, мен өз елімнің патриотымын, АҚШ-та қалмаймын, қорықпаңыздар» деп тек ұлттық киім киіп бару – ақымақтық. Ал қыздар жеңіл макияжбен барғаны дұрыс. Офицердің алдында шынайы болыңыз. Жұмысыңыз туралы жиі айту дұрыс емес. Сұрақтарға жақсы көңіл күймен жауап беріп, өзіңізді бірқалыпты ұстасаңыз, мүмкіндік артады.

– АҚШ президенті Дональд Трамп заңсыз мигранттарға арналған заңды қатаңдатты. Осыған орай, Қазақстан елшілігі АҚШ-та жүрген қазақстандықтарға ескерту жасады. Олар заңға бағынбаған жағдайда қандай мәселе туындауы мүмкін?
– Қазақстан азаматтары туризм визасын 10 жылға алып, одан әрі заңсыз қалып қояды. Негізінде туризм визасы елді аралауға, мәдениетімен танысуға арналған. Бұл виза жұмыс істеуге, оқуға арналмаған және визаның талаптарына сәйкес, АҚШ-қа келген соң 6 ай ішінде елден шығуың керек. Дәлірек айтсам, виза алған адам 10 жыл бойы АҚШ-қа қанша рет ұшып барса да өзі біледі, бірақ жарты жыл сайын отанына оралып отыруы тиіс. Трамптың мигранттарға қатысты шешімі көбіне мексикалықтар үшін. Бірақ ескертуді елемеген қазақстандықтар да түрмеге түсуі әбден мүмкін.
– Қазақстандықтар АҚШ-қа кетуге неге құмар?
– Біріншіден, АҚШ-та еркіндік бар. Біреудің ісіне біреу араласпайды. Екіншіден, жалақы жоғары. Жұмыс ақысы сағатына төленеді. Жарты жыл жұмыс істеп, жақсы автокөлік сатып алуға болады. Бұл елде мүмкіндік көп.
– Соңғы жылдары шенген визасын алу да қиындап кетті. Мұның себебі неде?
– Бұрын шенген визасын алу қиын емес еді. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демекші, кейбір қазақстандықтардың заң бұзуы виза алуды қиындатып жіберді. Мәселен, Германияға виза алған азамат саяхаттың көп бөлігін виза алған елде өткізудің орнына бірден Италияға немесе Францияға тартып кетеді. Анкета толтырғанда саяхаттың қай күнін қайда және қандай қонақүйде өткізетініңді толық жазасың. Визаға қол жеткен соң қонақүй мен ұшақ билеттеріндегі брондарды алып тастап, өздері қалағанша жүруді жөн көреді. Елшілік кез келген ақпаратты тексеруге құқылы. Заң бұзған адам депортацияланып, айыппұл салынады. Сонымен бірге Еуропаға кіруге өмір бойына тыйым салуы мүмкін. Сондықтан шетелде заңды бұзбай, өзгелерге кедергі келтірмей жүргеніңіз жөн.