«Выход к морю»: Бұрынғы елордалық антикор басшысының Дубайда қымбат мүлкі бар
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Астана қалалық департаментін бұрын басқарған Шыңғыс Қабдоланың отбасы Дубай қаласынан қымбат жылжымайтын мүлікке ие. Бұл туралы шетелдік реестр деректеріне сүйеніп жазатын «Выход к морю» Telegram-арнасы хабарлады.
Астана, NEGE. Арнаның мәліметінше, DAMAC Residenze тұрғын үй кешеніндегі пәтер Шыңғыс Қабдоланың жұбайы Әсел Сатыбалдықызының атына рәсімделген. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені әрі Қайрат Сатыбалдының қарындасы болуы мүмкін.
Апартамент 85 қабатты ғимараттың 19-қабатында орналасқан. Пәтерде екі жатын бөлме, кең қонақ бөлме және үлкен лоджия бар. Сондай-ақ отбасы жерасты автотұрағындағы бір көлік орнына иелік етеді.
Жарияланған дерекке сәйкес, пәтер 2018 жылы 720 мың АҚШ долларына сатып алынған. Қазір осы тұрғын үй кешеніндегі ұқсас пәтерлердің орташа бағасы 1,4 млн долларды, яғни шамамен 800 млн теңгені құрайды.
Дубайдағы мүлік сатып алынған жылы Шыңғыс Қабдола елордалық антикор департаментінен агенттіктің орталық аппаратына ауысып, төраға орынбасары қызметіне тағайындалған. 2020 жылы ол қайтадан Астана қалалық департаментін басқарды. 2022 жылдың наурызында қызметінен босатылған.
Айта кетейік, 2015 жылы Шыңғыс Қабдола Солтүстік Қазақстан облысындағы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментін басқарған. Сол кезеңде ол табыстары туралы декларация тапсырған. Құжатта 2014 жылғы салық салынатын табысы 11 080 568 теңге болғаны және Астана қаласында екі бөлмелі екі пәтері бар екені көрсетілген.