16 Желтоқсан 17:18

Желтоқсан-86: «Жазалаушы әскер» командирлерінің бірі Nege.kz-ке сұхбат берді

Фото:

Әбуғаппар Жолтаев 1986 жылы милицияда басшылық қызметте болған. «Алаңда ешкім өлген жоқ, ал Қайрат Рысқұлбеков өзі асылып қалды», – дейді Жолтаев. Сондай-ақ ол Д.Қонаев пен Н.Назарбаевтың отбасына қатысты қызық жайтты сөз етті.  

Тілшіміз Ә.Жолтаевтан Желтоқсан көтерілісінің кейбір тұстарын нақтылауға тырысты.

– Желтоқсан оқиғасы жайлы әркімнің айтары бар. Кейбірі бір-бірімен қиыспай жатады. Сіз ол кезде құқық қорғау органында басшылық қызметте едіңіз. Көтеріліс қалай басталды?

– 16 желтоқсан күні далаға шықсам 100-150-дей адам қолына плакат ұстап алып, көшеде жүр екен. Кейіннен қоғамдық тәртіпті сақтайтын күзет басқармасының басшысы Иван Алексеевич Дзюбаға хабарластым. Ол кісі «ну и хер с ним» деді. Арадан тағы бірнеше сағат өткенде халықтың қарасы еселеп көбейді. Министрдің орынбасары Серіков Сайлау Досымұлына телефон шалып, жағдайды баяндадым. Ол кісі Дзюбаның не айтқанын сұрады да, «қазір келемін» деді. Көп ұзамай келді. Тағы 2-3 сағат өткенде алаң адамға лық толды. ЦК маңайын милиция айнала қоршап тұрды. Екінші қатарда ішкі әскер, ал үшінші қатарда шекара қызметін орналастырды. 

– Екі арадағы түсініспеушілік қалай басталды?

– Қас қарая бастағанда жиналған жұрт милицияларға бас салып шабуылдап, шыршаларды сындырып тәртіпсіздік жасады. Қазіргі әкімдіктің маңайына барсаңыз, кей шыршалар кішкентай, сол желтоқсаннан қалған бір белгі. Сосын қолтықтасып тұрған әскерді бұзақылар бұттан теуіп жатты. Аналарға қарап жаның ашиды. Жараланған үкімет адамдарын оншақты жедел жәрдем көлігі ауруханаға тасып үлгермеді. Ақырында олар да шыдай алмай кетсе керек, командирлерінің қой дегеніне құлақ аспай, көтерілісшілерді ұра бастады. Ешкім ешкімді аяған жоқ. Әскерилер аз уақыт ішінде алаңнан көтерілісшілерді қуып шықты. Менің үйім алаңнан 300 метр жерде тұрса да, бара алмадым. Үш күн бойы жұмыста болдық, сонда түнедік. 

– Ешкім ешкімді аяған жоқ дедіңіз. Адам өлімі болды ма?

– Алаңда ешкім өлген жоқ. Тек 21 желтоқсан күні көшенің төмен жағындағы үйдің жанынан бір жігіттің қлі денесі табылды. Сосын түрмеде Қайрат Рұсқылбеков асылып қалды. Басқа ешкім қаза болған жоқ. Мен өзім бастықпын ғой, оған өзім куәмін... 

Тегтер: